Франция – Қазақстан экономикасына қаржы құятын ірі инвестор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмманюэль Макронның шақыруымен бүгін Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барады.

5 қараша күні Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіп, іскер топтармен де кездеседі деп жоспарланған. Жалпы Франция ел экономикасына қомақты қаржы құятын ірі инвесторлардың бірі.

Франция - Еуропалық Одақтың белді әрі ықпалды мүшесі. Қазақстан экономикасына қаржы құятын ірі инвесторлардың бірі. 2005 жылдан бері француз компаниялары 18 млрд долларға жуық инвестиция құйған. Жобалардың басым бөлігі энергетика саласында жүзеге асырылды. Франция тарапының әсіресе Қазақстанның уранына қызығушылығы жоғары.

Мадияр Сұлтанбек, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Бізде көлік, агроөнеркәсіптік кешен, тағы уран бағытындағы қарым-қатынастарымыз жақсы дамып келеді. Француз экономикасы әлемдегі ең ірі экономикалардың ондығына кіреді. Бүгінде Франция технологиялық жағынан ең мықты елдердің қатарына кіреді. Әрине, бұл ынтымақтастық Қазақстан үшін де пайдалы болады.

Былтыр елімізге жасаған сапары барысында Франция Президенті Эманюэль Макрон көптеген мәселелер бойынша екі елдің көзқарасы сәйкес келетіндігін айтқан. Ірі державалар үстемдікке қайта ұмтылған, ал кейбірінен болжауға болмайтын әрекет күткен әлемде жаңа перспективаларды ортақ етуге және бірге құруға болатын серіктестер мен достарға сене алу өте бағалы екендігін де мәлімдеген.

Мирас Жиенбаев, саясаттанушы:

- Қазақстан мен Франция инвестициялық және экономикалық байланыстарды нығайтуға саяси тұрғыда мүдделі екендігін растап отыр. Қазіргі құбылмалы заманда біз екі Орта державаның маңызды мәселелердегі көзқарасы бір екендігін байқап отырмыз. Мәселен су қауіпсіздігі жайында қос мемлекет БҰҰ аясында саммит ұйымдастыру жайын пысықтап жатыр. Міне, осындай жаһандық мәселелерді Еуропаның ықпалды өкілі Қазақстанмен бірлесіп шешуде.

Бүгінде Қазақстан мен Францияның энергетика, фармацевтика сынды салаларында бірлескен жобалары бар. Мәселен, қазір француздардың қолдауымен елде аусылға қарсы  вакцина жасау қолға алынған. Бұл жоба алдағы уақытта қазақстандық еттің шетел нарықтарына еш кедергісіз шығуына көмек болмақ. Тараптардың бұдан да бөлек маңызды жобалары бар.

Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан Президентінің Францияға жасағалы тұрған мемлекеттік сапары екі елдің әріптестік аясын кеңейтіп, барлық саладағы ынтымақтастығын арттыруға мол мүмкіндік береді. Франция Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін құрметтейді. Біз білім саласында да әріптістегімізді арттырып жатырмыз. Алдағы уақытта Астана мен Алматыда француз мектептерін ашу жоспарымыз бар.

Жалпы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары арадағы екі жақты әріптестік аясын одан әрі арттыра түспек. Франция басшысы Эмманюэль Макронның да арнайы шақыртуы осыны айқындай түсуде.

Риат Шони