Қ.Тоқаев: Франция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі
Мемлекет басшысының Парижге мемлекеттік сапары басталды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды 24kz.
Машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық егжей-тегжейлі талқыланды. Кәрі құрлықтағы серіктес, қазақ делегациясын жылы қабылдап жатыр.
Бекзат Аманов, тілші:
- Бүгін Париж көшелері қарбалас. Шаһар қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алып жатыр. Франция билігі ресми рәсімге тыңғылықты дайындалған.
Мемлекеттік сапар Hôtel des Invalides ғимаратынан басталды. Мұнда қазақ басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Президент Эмманюэль Макрон қарсы алды. Француз халқы қастер тұтатын тарихи алаңда Қазақстан әнұраны шырқалды. Отандық делегация құрметіне әскерилер шеруі өтті. Әдеттегідей Президенттер делегация мүшелерімен де танысты.
Ресми рәсім Елисей сарайында жалғасты. Бұл – Франция Президентінің резиденциясы. Байқасаңыздар, ғимарат айналасына қос елдің туы қатар тігілген, достық рәуіштің лебі сезіледі. Елдің басты сарайында да Қасым-Жомарт Тоқаевты Эмманюэль Макрон орталық кіреберістен күтіп алды. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Келіссөздің сәтті өтуіне екі тарап та мүдделі. Серіктестер сыйластығы кеңейтілген құрамдағы кездесуде де байқалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы сапарыма айрықша мән беремін. Бұл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі болмақ. Бүгінгі келіссөздер және қабылданатын бірлескен декларация әріптестігімізді күшейтілген стратегиялық деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің былтыр Астанаға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер қазақ-француз байланысын жан-жақты тереңдетуге зор серпін бергенін айтты. Сенімді саяси байланысқа да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Франция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Сіздің еліңіз Қазақстан экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Бүгінде Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Иә, Кәрі құрлықтағы серіктеспен экономикалық байланыс қарқынды дамып келеді. Жергілікті инвесторлар Қазақстан нарығына кіруге ниетті. Біздің тарап та бұған бейіл.
Президент білім беру, ғылым, медицина және тарих салаларындағы ынтымақтастықты да қаузады. Сондай-ақ әлемге әйгілі Гиме мұражайында ашылған Қазақстаның ұлттық өнеріне арналған көрмені айрықша ризашылықпен атап өтті.
Бекзат Аманов, тілші:
- Алда ауқымды келіссөздер күтіп тұр. Күннің екінші бөлігінде іскер топ мүшелерімен кездесу болады деп күтілуде.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Өанапияұлы, Дулат Ентебеков, ПТРК