Қ.Тоқаев: Қазақстан-Франция қатынасының жаңа кезеңі басталды

Қазақ-француз қатынасының жаңа кезеңі басталды, деп хабарлайды 24kz.

Парижге мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел қатынасына осылай деп баға берді. Франция – Қазақстанға ең көп инвестиция салған Еуропадағы ірінің бірі. Бұл жолы да қазақ басшысы әріптесі Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізді. Машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық егжей-тегжейлі талқыланды. Кәрі құрлықтағы серіктес қазақ делегациясын құшақ жая қарсы алды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Франция – қалталы инвесторлар мен жоғары технология тоғысқан жаһаның ірі державасы. Экономика қуаты бойынша Еуроодақта екінші, ал әлемде жетінші орында тұр. Оған қоса, Біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Үлкен жетіліктің де құрамына кіреді. Қысқасы, тұтас жаһан тағдыршешті таңдау алдында Парижбен санасады. Сол үшін бұл емес берік байланыс бізге де маңызды.

Франция билігі Қасым-Жомарт Тоқаевты бар сән-салтанатымен қарсы алды. Әуежайдан резиденцияға дейінгі әзірлікте мін жоқ. Париждің қауіпсіздігі күшейіп, орталық көшелерінде көк ту желбіреді. Қазақ басшысының құрметіне атты әскер көшеге шығып, шаһар іші оркестр әніне толды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Президенттің мемлекеттік сапары осы тарихи ғимаратта басталды. Бұл жергілікті халық қастер тұтатын сарай. Соғыс ардагерлеріне қамқорлық жасау үшін салынған ғимаратта ұлы француз билеушісі Наполеонның сүйегі сақталған. Міне, осындай тарихи алаңда сарбаздар қазақ делегациясы үшін сап түзеді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевты Франция президенті Эмманюэль Макрон жеке қарсы алды.

Ресми рәсімде әскерилер шеру жасап, салтанат құрды. Бұл – қазақ делегациясына деген құрмет. Ең қызығы, қарсы алу рәсімі екі кезеңнен тұрып, Елисей сарайында жалғасты. Франция Президенті осы резиденцияда отырады. Макрон қазақ басшысын мұнда да өзі қарсы алды.

Ескере кететін жайт, Париж қонақтың бәріне бірдей жоғары қошемет көрсетепейді. Мұндай құрметті биыл тек Ұлыбритания мен Бельгия билеушілері ғана көрді. Енді осы қатарға қазақ басшысы қосылып отыр. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһан саясатындағы салмағы мен екі елдің тығыз қатынасының көрінісі. Әр кездесу сайын тараптар арасында достық рәуіш пен серіктестік райы сезіледі.

Президенттер келіссөзді бірден кеңейтілген құрамда бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарды Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесіне балады. Ал Макрон: «Сіздің арқаңызда серіктестік айтарлықтай нығайды», - деді. Бір-біріне жылы лебіз таныта отырып, машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика сынды салалардағы әріптестік жайын егжей-тегжейлі талқылады. Кейін журналистерге бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз үшін осы сапардың маңызы зор. Франция – Қазақстанның Еуропа одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі. Қарым-қатынасымыз 34 жылдың ішінде стратегиялық сипатқа ие болды. Астана мен Париж барлық деңгейде өзара түсіністікке негізделген саяси диалог орнатты.

Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 млрд доллар болған. Ал биыл осы межені жыл толтырмай, 9 айда бағындырдық. Демек, қатынасқа қарқын қосылып келеді. Франция – еліміздің алтыншы ірі инвесторы. Жергілікті компаниялар ел экономикасына 20 млрд долларға жуық қаржы салды. Оның ішінде Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone сынды алпауыттар бар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар француз компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Бүгін бірқатар үкіметаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылады. Оның барлығы мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келеді. Бұл құжаттар екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жалпы сапар аясында бірнеше инвестициялық келісімдер жасау жоспарланған.

Қазақстан мен Франция тек саудада ғана серіктес емес, мәдени ынтымақтастықты да арттыруды жоспарлап отыр. Президент мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты қазақ-француз қатынасының алтын арқауы деп бағалап, осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту өте маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәдениет, білім-ғылым, археология, архив, спорт саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға айрықша назар аударамыз. Кеше ғана әлемге әйгілі Гиме мұражайында «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл көрмеде еліміздің тарихи-мәдени және археологиялық құндылықтарын дәріптейтін жәдігерлер бар. Осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін құрметті Макрон мырзаға шынайы алғысымды білдіремін.

Саяси серіктестікте де серпін бар. Бұл туралы Эмманюэль Макрон айтты. Ол: «Қазақстан Францияға әрдайым арқа сүйесе болады», - деп, шынайы достық лебізін білдірді. 

Эмманюэль Макрон, Франция Президенті:

- Екі елдің халықаралық және аймақтық проблемаларға қатысты ұстанымдары ұқсас. Яғни БҰҰ Жарғысын сақтау, соның ішінде территориялық тұтастықты құрметтеу және адам құқығын қорғау қағидаттарын берік ұстанады. Екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ұзақмерзімді перспективадағы орнықты және табысты серіктестікке негіз қалап, екі елдің өсіп-өркендеуіне жол ашады.

Мемлекеттік сапар аясында Қазақстан мен Франция президенттері стратегиялық серіктестікті одан әрі жандандыруға бағытталған Бірлескен декларация қабылдады. Сондай-ақ 36 құжатқа қол қойды. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 млрд долларды құрайтын 1 үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық құжат бар.

Президенттер брифингте достық сөзін жиі айтты. Саясат тілінде емес, достық тілінде сөйлесті. Жылы рай ресми рәсімнен кейін де жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон Елисей сарайының бағында серуендеді. Олар қасына Жюль және Жанна атты тазыларды ертіп шықты. Бұл асылтұқымды тазыларды былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев сыйға тартқан болатын.

Ал келіссөзден кейін Қазақстан мен Франция президенттері Гиме азиялық өнер музейіне барды. Мұнда «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» көрмесі өтіп жатыр. Экспозицияда Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін қамтитын артефактілер ұсынылған. Атап айтсақ, «Тобыл ойшылы» мүсіні, Ботай мәдениеті бейнеленген. «Алтын адам» әшекейлері мен балбалтастар қойылды. Сондай ақ Қазыбек бидің шапаны Қазақ хандығы мен қазіргі Қазақстанның қалыптасу тарихынан сыр шертеді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Дулат Ентебеков ПТРК