Бүгін – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні
Бүгін – цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Елдің IT қызметтерді экспорттаудан түскен табыс көлемі 300 млн доллардан асады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір отандық сала мамандарының цифрлық жобалары әлемнің 86 елінде қолданылады.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Биыл отандық IT-мамандар білім, ғылым, энергетика, денсаулық сақтау сынды салаларда ондаған инновациялық жоба ұсынды. Мәселен, келесі жылы Әділет министрлігінде заңға қатысты туындаған сұрақтарға жауап беретін көмекші-робот іске қосылады. Бұл туралы цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари айтты.
Рүстем Биғари, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры:
- Энергетика саласында аналитикалық платформалар іске қосылып жатыр. Ол деректерді толық, және жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Оған қоса, мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін цифрлық кеңесші қолданысқа енеді.
Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін медицина саласындағы серпінді жобаның бірі – иммундық жүйенің жағдайын бағалайтын бірегей платформа. Оның басты артықшылығы – кез-келген ауруға қатысты деректерді жоғары жылдамдықпен өңдеуге мүмкіндік береді. Ол тіпті қатерлі ісіктің бар-жоғын лезде анықтауға қауқарлы. Нәтижелердің дәлдігі орта есеппен 99%-ті құрайды. Инновациялық өнім туралы жобаға қатысушылардың бірі, онколог-дәрігер Нұрлыбек Өдербаев айтып берді.
Нұрлыбек Өдербаев, «Immuniguide» стартапының негізін қалаушы, онколог-дәрігер:
- Бізде ImmunoHab деген бот бар. Мен алынған қан сараптамасын жібердім. Енді ол біздің иммундық резервімізді есептейді. Міне, ол талдау жүргізіп, бізге жауап берді. Біз қарап отырған азаматта 62%. Демек, ағзаның инфекция мен вирустарға төзімділігі төмен деңгейде.
Шет елдерді бағындырған тағы бір жаңа жоба – Cerebra платформасы. Ол инсультты 5 минут ішінде таниды. Ми тамырларындағы өзгерісті жылдам есептеуге қабілетті. Құрылғы еліміздің 50 клиникасында сынақтан өткен. Отандық өнім Emerge Challenge нұсқасы бойынша әлемдік жеті жүз стартаптың ішінде үздік бестікке енген. Бұл – Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық конференция. Бүгінде қазақстандық IT-компанияның филиалдары Өзбекстан мен Сауд Арабиясында жұмыс істейді. Ал, қазір АҚШ-пен келіссөз жүріп жатыр.
Бексұлтан Шәкімов, Cerebra жобасының операциялық директоры:
- Шет елдерде біздің жобамызға қызығушылық танытушылар көп. Бұл – дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге ықпал ететін жоба. Қазір АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Егер бұл ойымыз жүзеге асса, Еуропа мен Азиядан да сұраныс арта түседі.
Қазір Қазақстан өзінің IT-қызметтерін 86 елге экспорттайды. Олардың қатарында Ресей, Ирландия, Мексика, АҚШ және Сингапур бар. Ресми мәліметтер бойынша Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамытудағы әлемдік рейтингінде 24-орында тұр. ТМД елдері арасында көш бастап келеді.
Жаслан Мәдиев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Шетелдік компаниялар біздің елде даму бар екеніне көз жеткізді. Олар штаб-пәтерлерін көшіріп, кеңселерін ашып жатыр. Мәселен, кірісі 3 млрд доллардан асатын «Индрайв», мыңнан аса қызметкері бар «Епам» компанияларын айтуға болады. ТikTok компаниясы өзінің аймақтық кеңсесін ашты. Жақында Telegram да солай істейді.
Қазір «Астана хаб» технопаркінің базасында бір жарым мыңнан астам отандық стартап тіркелген. Олардың оннан бір бөлігі жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асқан жобалар. Елде 4 жылдан соң нейрожелілерді пайдаланатын инновациялық өнімдердің көлемі 5 есеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы бұған дейін Үкіметте қабылданған тұжырымдамада айтылды.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Гүлдана Колен