15 қараша – Ұлттық валюта күні

Төл теңгеміз мың жылдық тарихы бар шетелдік монета үйлерімен бәсекеге түсе алады. Алматыда Ұлттық валюта күніне орай теңге банкноталары мен монеталар көрмесі өтіп жатыр. Келушілер жаңа шыққан ақша мен соңғы үлгідегі монеталарды осы жерден көре алады.

Бүгін ұлттық валютаның айналымға енгеніне 31 жыл. Ал ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленгені есімізде. Олар әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті болатын.

Валерий Китиков ұзақ жылдан бері банкнота мен монета жинайды. Бұл туралы сағаттап айтуға бар. Осындай шараларды қалт жібермейді. «Сақ стилі» деп аталатын жаңа сериядан жақсы хабардар. Жақыннан көріп, мән-мағынасын білу үшін көрмеге арнайы келді. Айтуынша, біздің банкноталар өте бағалы. Тіпті кейбіреуінің құны 5 мың долларға дейін жетеді. 

Валерий Китиков, коллекционер:

- Бізде шығып жатқан банкноталардың сапасы өте жақсы. Шетелдіктер арасында өте танымал. Маған әсіресе көшпенділер мәдениетінен сыр шертетін «Сақ стилі» сериясы қатты ұнайды. Күміс, алтын монеталарға да сұраныс жоғары. Сенесіз бе, банкнота жинайтын коллекционерлер бір-екі данадан емес, бумалап алады. Жаңа үлгідегі топтама парақ түрінде болса,  бірнешеуін бірден алады.

Ұлттық банктің бас дизайнері Алмат Бәсеновтің айтуынша, қаржы институты жаңа серияны дайындаған кезде өз елімізде брендке айналған дүниелерге басымдық береді. Әрине, ол – тәуелсіз мемлекеттің жетістіктері мен мәдени құндылықтар. Сондықтан ұлттық валюта мен арнайы шығарылған монеталардың танымдық-тағылымдық мәні зор. Жасалу технологиясы да ерекше.       

Алмат Бәсенов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Біз монета жасағанда тантал металын пайдаландық. Бұл жаңалық саналады. Себебі әзірге сирек кездесетін мұндай меаталл түрін бізден басқа ешкім қолданған жоқ. Былтыр ерекше әдіспен жасалған «Балқаш алабұғасы»  монетасы айналымға шықты. Бұдан өзге де монеталардың сан алуан түрі бар.

Ұлттық банк жылына монетаның ондаған түрін шығарады. Коллекциялық, инвестициялық, күнделікті қолданатын монеталар бар. Оның бәрі банктің интернет дүкенінде сатылады. Ал бұрын шыққандарын қолдан қымбатырақ бағаға алуға тура келеді. Мәселен «Қазақстан петроглифінің» бастапқы бағасы – 2700 теңге. Қазір айналымдағы құны 300 мың теңгеге жуық. Кейбір монеталар 6 мың долларға дейін бағаланады. Ал банкноталардың жаңа сериясы кезеңге бөлініп шығарылады. Соңғысы – «Сақ стилі». Алғашқы номиналы 5 мың теңгелік банкнота былтыр шыққан. Ал биыл айналымға 10 мың теңге қосылды. 

Әлия Рәбилева, ҚР Ұлттық банкінің қызметкері:

- «Сақ стилі» банкноталары ескі сериядағы банкноталарды алмастырып жатыр. Қатар жүреді. Айналымда болады. Ескі серияда төлем құралы болып табылады. Қабылдамаса, әкімшілік айыппұл салынады. Ескі сериядағы банкноталарды Қазпошта, екінші деңгейлі банктер үш мерзімде алмастырады. Ұлттық банктің филиалдары ауыстырады. Ал Ұлттық банктің филиалы мерзімсіз ауыстырады.

Жыл соңына дейін «Сақ стилінде» жасалған 2 мың теңге айналымға шығады. Қалған банкноталар алдағы екі жылда енгізіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.