Президент ауыл оқушыларының ашық сабағына қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысына барды, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекет басшысы сапарын Хромтауда жаңадан ашылған «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысудан бастады. «Жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіретін ауқымды кәсіпорынның іске қосылуы – саладағы тарихи оқиға», – дейді мамандар. Одан әрі Президент тау-кен мамандарын дайындайтын колледжге барып, білім беру ісін бағдарлады. Мұнда студенттермен әңгімелесіп, жұмысшы мамандықтардың мәртебесі жөнінде сөйлесті.
Президент Ақтөбе облысына барды
Тамыры терең, тарихы кенен Ақтөбе. Ежелден жыраулар елі атанған өңірдің бүгінде өнері ғана емес, өнеркәсібі де өркендеп келеді. Аймақтың экономикалық өсімі биыл 106%-ке жетті. Бірақ әлеуетті бағыт әлі көп. Соның бірі – қазба байлық. Президент сапарын Хромтаудан бастауы да бекер емес. Адымен жаңадан ашылған «Болашақ» шахтасына барып, кен орнының жұмысымен танысты.
Өнеркәсібі өркендеген өңір
«Болашақ» шахтасының іске қосылуы тұтас тау-кен саласындағы тарихи оқиға болмақ. Мұнда жылына 7,5 миллион тонна хром рудасы өндіріледі. 1800 жұмыс орны құрылып, 1 триллион теңгеден астам қаржы тартылады. Кен орны – ERG компаниялар тобының ең ірі инвестициялық нысанының бірі. Қысқасы, бұл шахта – Ақтөбе үшін ғана емес, Қазақстан үшін ауқымды әрі маңызды жоба.
Кеніш қойнауындағы байлық әлемдегі ең сапалы әрі таза хром саналады екен. Стратегиялық мәні бар нысан «Болашақ» деген атау алған. Бұл да бекер емес. Әлемдегі ферроқорытпаға сұраныстың жылдан жылға артып келе жатқанын ескерсек, болашақ шахтасы өңір үшін кемел келешектің есігін ашады деп айтуға толық негіз бар.
Кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы енгізілген. Сондай-ақ қашықтан жер үстінде басқару жүйесі мен толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар қолданылады.
Ерлан Битанов, «Дөң» тау-кен байыту комбинатының ұңғылаушысы, бригадир:
- Біздің бригада жаңа шахтада алғашқы болып іске кірісті. Ұңғылау жұмыстарын жүргіздік. Мұнда процесті механикаландыру деңгейі жоғары. Заманауи техникалармен жабдықталған. Ондай техниканың болуы еңбек қауіпсіздігін арттырады. Бұл жаңа деңгей. Ары қарай шахтада жұмыс істейтініме қуаныштымын.
Жаңа шахта ферроқорытпа зауыттарын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етіп қана қоймайды. Хромтау қаласының тіршілігіне леп әкеледі. Мамандардың айтуынша, мұнда қазба байлықтың 70 жылдық қоры бар. Егер геологиялық барлау жалғасса, кеніштің көлемі ұлғая түседі.
Сергей Прокопьев, «Казхром» АҚ БАС директоры:
- Бүгінгі таңда біз алатын ферроқорытпа өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан бұл өнімді сатуда ешқандай проблема жоқ. Жыл соңына дейін 6 млн тоннадан астам хром кенін өндіріп, 1 млн-нан астам ферроқорытпа өнімін алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде өнімдеріміздің басым бөлігі әлемнің түкпір-түкпіріне экспортталады.
Көкжиегі кең колледж
Қойнауы бай өлкеге білікті кеншілер керек. Ал жергілікті шахталарға маманды Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжі даярлайды. Осы себепті Президент оқу ордасына арнайы барды. Білім ошағы – еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына оқытатын жалғыз кәсіптік оқу орны. Мұнда 1157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы сынды мамандықтар бойынша білім алып жатыр.
Бағдаш Молдашева, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры:
- Біздің балалар жан-жақты болған соң, олар тек бір мамандық алмайды. Бір дипломмен шықпайды. Әр мамандыққа бірнеше құзыреттілік алады. Колледжді бітіргенде бәсекеге қабілетті болу үшін біздің бала 100% жұмысқа орналасады. Бүгінгі таңда ең үлкен көрсеткіш, біздің балаларымыз 97-98% жұмысқа орналасады. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
Оқу ошағының ерекшелігі көп. Білім беру үдерісінде озық технологиялар қолданылады. Атап айтқанда, студенттер колледж аумағынан шықпай, оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өте алады. Сондай-ақ дрон ұшырып, мамандықтың заманауи қыр-сырын үйренеді. Президент колледж студенттерімен кездесуде бұл бастамаға жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескен жастың бірі – Санида Әлібекқызы. Ол жұмысшы кен өңдеу саласында еңбек етужі мақсат тұтыпты. Президенттің келесі жылды жұмысшылар жылы деп жариялағанына ризашылығын білдіріп, ел үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.
Санида Әлібекқызы, студент:
- Менің мамандығым жұмысшы мамандықтар қатарына кіреді. Сонымен қатар тау кен саласында маңызды жұмыстардың бірін жасаймыз. Яғни, кендегі руданы өндеп, пайдалы компоненттер мен қалыптарға бөлеміз. Болашақта өз мамандығымызды белсенді дамып, әр маман иесі өзіне лайықты мәртебеге ие болса деймін. Сонымен қатар Президент бастамаларына қолдау білдіріп, сәттілік пен береке тілеймін.
Ал Мемлекет басшысы тау-кен саласы ел экономикасының маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланған 2025 жылы отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылады. Кездесу соңында жастар Президенттің қолтаңбасын алып, бірге суретке түсті.
Президент онлайн-режимде ауыл оқушыларының ашық сабағына қатысты
Өмірін өнеркәсіппен байланыстырған аудан тұрғындары үшін әлеуметтік бағытты да дамыту маңызды. Әсіресе ауыл балаларына сапалы білім беруге басымдық беріліп отыр. №1 Хромтау орта мектебі елді мекендегі оқу ордаларымен біріге жұмыс істей бастады. Нәтижесі көңіл көншітеді. Өрімдей жастар өнерін көрсетіп, түрлі өнертабыс ашып жатыр.
Көркемай Серік, оқушы:
- Менің зерттеу жұмысымның тақырыбы – ақылды шахтерлік каска. Барлығымыз білеміз, біздің Хромтауды бір емес, бірнеше шахта бар. Сол шахталардың бірінде менің де әкем жұмыс істейді. Ерекшелігі осы фонарик автоматты түрде жанады. Жертөлеге, қараңғы жерге түскенде автоматты түрде жанады және адам осы дабыл тетігін басқан кезде сигнал беріп, адамдарды көмекке шақыра алады. Келесіде адамдарды өз-өзіне көмекке шақыра алады.
Мемлекет басшысы бұл оқу ошағының ерекшеліктерімен және оқушылардың зертханалық жұмыстарымен танысты. Қанатқақты жоба шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аясында мұғалімдер қашықтан тәжірибе алмасады.
Айжан Әбдірахманова, №1 Хромтау орта мектебінің директоры:
- Қазіргі таңда мектеп магнитті бекітілген 3 мектебіміз бар. Олар: Никельтау, Құдықсай және Абай негізгі мектептері. Шағын жинақты мектептері болып есептеледі. Біздің 12 пән мұғаліміміз, яғни физика, химия, биология, математика, ағылшын тілі пәні мұғалімдері, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, сол мектептерге сабақ береді.
Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев та сынап көрді. Ол ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн-режимде қатысты.
Ілкімді істің игілігін ауылдағы қаймана қазақ көріп отыр. Шеткерідегі халыққа қолайлы жағдай жасауды үдету керек. Сол үшін Президент мектепке автобус сыйға тартты.
Хромтаудың тынысы да, тұрмысы да қазба байлыққа байланған. Биыл ауданның өндіріс көлемі 515 млрд теңгеге жетіп, 190 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазір аудан басшылығы индустриалды аймақ құрып, импортқа тәуелділіктен толық арылуды көздеп отыр. Тұрғындардың орташа жалақысы да жоғары – 574 мың теңге. Енді жергілікті билік алдында осы жұмысты ширату міндеті тұр.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Ділмұрат Сейдаханов.