Отандық туризм қарқынды дамып келеді

Отандық туризм қарқынды дамып келеді.

Биыл елімізде саяхаттаған қазақстандықтардың саны 6 млн-ға, ал шетелдік туристер қатары екі есеге өсіп, 11,5 млн-ға жетті.

Бұл бұрың-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Нәтижесінде қонақ үйлердің де табыстары 27%-ға артты. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның туристік әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.

Алатаудың қарлы шыңдары, Бурабайдың көгілдір көлдері, Қарқаралы мен Алтайдың жасыл ормандары, Каспий жағалауының құмды алқаптары. Мұның барлығы саяхатшыларды баурап алатын шұғылалы мекендер. Биыл көз тартатын мекендерді аралаған қазақстандықтардың саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жеткен. Ал шетелден келген туристердің саны болса 11,5 млн-ға жетті. Бұл былтырғыдан 2 есе көп. Осының арқасында орналастыру орындары да біраз пайдаға кенеліп қалды. Мəселен, қонақүй, демалыс орындарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгеге жетті. Қазір елде 226 мың төсек-орынды қамтитын 4 жарым мыңға жуық орналастыру орны бар.

Туристер саны

ішкі туристер

2024 ж. қаңтар-қыркүйек – 6 млн адам

шетелдік туристер

2024 ж. қаңтар-қыркүйек – 11,5 млн адам

орналастыру орындары

жылдық кіріс - ₸224 млрд (27%+)

саны - 4 315 (306 бірлік+)

сыйымдылығы - 226 мың төсек-орын (18 мың +) 

Әлішер Тұрсын, "Kazakh Tourism" ҰК Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры:

- Қаңтар айы басталысымен бірден Қазақстан көптеген рейтингтерде топ бастап шықты. Нью-Йорк Таймс, Wanderlust болсын, италиялық журналдарға кемі 3 рет шықты. Шымбұлақ бөлек шықты, Алматы облысы тағы бөлек шықты. Маңғыстау облысын көрсетті. Тағы да сол сияқты жыл бойы негізгі таңдалу туристік дистанацияларымыз өзінің лайықты бағасын алды. Қазақстан аймағы, Орталық Азия аймағы қазіргі уақытта әлем танып, әлем ашқысы келіп отырған дистанациялардың қатарында деп айтуға болады. 

Негізі елге рекордтық көрсеткіште шетелдік туристердің келуіне Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да үлкен септігін тигізді. Бұл ауқымды шараға 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал қыркүйектің алғашқы 2 аптасының ішінде туризмнен түскен пайда 7,5 млрд теңгеге жеткен.

Әлішер Тұрсын, "Kazakh Tourism" ҰК Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры:

- Британдық Wanderlust журналы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген билеттер, яғни қыркүйекте өтетін ойындардың билеттері сәуір айында сатып тастаған. Билет қалмай қалған. Сұраныстың көп болғаны соншалықты. Көшпенділер ойындары nomadism, neo Nomadism деген не деген кезде бізде Қазақстанмен байланыс күшейе түсті. Осы ойындарға келген шетелдік туристер бірінші кезекте өздерімен өте жақсы әсер алып кетті.

Қазір туризм саласы бір орында тұрмай, даму үстінде. Мәселен, Алматы облысында бірегей тау кластері дамып келеді. Ал Алматы қаласында биыл жеке қаражат есебінен 25 туристік нысан ашылды. Бұл көштен еліміздің шығысы да қалыс қалмай келеді. Бұл өңірде де бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған.

Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Риддер қаласында белсенді және тау-шаңғысы спортымен шұғылдануға арналған кластер қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Ал Қатон-Қарағай ауданында 4 жұлдызды отель мен 2-3 жұлдызды қонақ үйлер салынады. Қолға алынған іс-шаралар жыл басынан туристік саладағы инвестициялар көлемі 23%, қонақтарды орналастыру көлемі 50%, демалушылардың саны 20% арттыруға мүмкіндік берді.

Айта кету керек, елде Президент тапсырмасына сай туризм саласы жаңғыртылып жатыр. Үкімет мемлекеттік қолдауды да күшейтті. Биыл мақұлданған өтінімдер 3 есе артқан. 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 млрд теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 119 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Риат Шони