Тоқаев: Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру қарастырылады
Жуырда Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий дәлізі ұштасуы мүмкін.
Осылайша Қазақстан тауарлары ашық мұхитқа шыға алады. Екі елдің билігі бұл мәселені зерделеуге келісті. Бүгін Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало Астанаға ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Келіссөзде қазақстандық спутниктерді экспорттау да талқыланды. Африка құрылығындағы серіктес отандық өнімге қызығушылық танытып отыр. Мәртебелі мейманның сапары несімен маңызды? Қандай уағдаластықтарға қол жеткізілді?
Кейінгі жылдары Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі едәуір өсті. Қазір орта державалар мен кіші мемлекеттер Астанаға қарап бой түзейді. Гвинея-Бисау Президентінің ресми сапары осы сыртқы саясаттағы көкжиегімізді кеңейту тұрғысынан маңызды. Арамыз алыс болса да, байланысты бекітетін бағыт көп. Сол үшін мәртебелі мейманды Ақорда құрметпен қарсы алды.
Бекзат Аманов, тілші:
- Қос Президент бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып жатыр. Бұл да ресми рәсімнің бір бөлігі. Делагациялардың танысуынан жылы шырайды байқап тұрмыз. Бұл келелі келіссөздердің нәтижелі өтуіне серпін берері анық.
Екі ел шенеуніктері сирек кездеседі. Сондықтан мәртебелі мейманның алыстан Астанаға ат терлетіп келуін байланысты бекітуге бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады. Сапардың салтанатты рәсімі достық рәуіште өтті. Ұзақ аялдамай Президенттер шағын құрамдағы келіссөз залына беттеді. Гвинея-Бисау экономикасы ауыл шаруашылығына сүйенеді. Жер қойнауы да қазба байлыққа кенде емес. Демек, тараптар талқылайтын тақырып көп.
Кездесуде Президент Гвинея-Бисауды Африка құрлығындағы маңызды серіктес деп атады. Қатынасқа қарқын қосуға мүдделі екенін жеткізіп, екі ел Үкіметтері жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға күш салатынын айтты. Тараптардың халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдары да ұқсас. Қасым-Жомарт Тоқаев саяси байланысты нығайтуға ниетін көрсетті. Әрі қарай делегация кеңейтілген құрамға ойысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін. Біз Гвинея-Бисауды мемлекетін Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз.
Былтыр тараптар арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 10 жыл толды. Келіссөзде Президент айтулы датаны еске салып, бүгінгі кездесу серіктестікті тереңдетуге негіз болатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын.
Ал Умару Сисоку Эмбало қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты. Ол қазақ басшысының БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
Умару Сисоку Эмбало, Гвинея-Бисау Президенті:
– Менің бүгінгі сапарым Бисау мен Астана арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін айғақтайды.
Келелі келіссөздер қорытындысы бойынша ресми делегация мүшелері 3 құжатпен алмасты. Ең маңызды уағдаластық цифрландыру саласында болатын сыңайлы. Жуырда қазақстандық спутниктер Гвинея-Бисау аспанына жөнелтілуі мүмкін. Африка құрлығы отандық өнімге қызығушылық білдіріп отыр.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Гвинея-Бисау Президенті біздің Қазақстан Ғарыш сапарына барады. Біз спутниктерді құрастыру кешенін көрсетеміз. Оларға біздің спутниктерді экспортқа ұсынамыз. Олардан қызығушылық бар. Бізде спутниковый группировканы құрастырамыз. Олардан қызығушылық болады деп сенеміз.
Алыс жатқан екі елдің байланысы тығыз, ал халықтардың тілегі мен ниеті бір. Президенттер кездесуден кейін журналистерге брифинг өткізіп, келіссөздер нәтижелі болғанын жеткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика салаларын талқылады. Гвинея-Бисау Атлант мұхитының жағалауында орналасқан. Яғни, ашық мұхитқа шыға алады. Мұндай серіктестің болуы Орта дәлізді дамытып жатқан Қазақстан үшін өте тиімді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі. Осы ретте Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келістік. Әлемдегі геосаяси ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша.
Гвинея-Бисау экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Күріш, мақта, жержаңғақ өнімдерін өндіреді. Балық аулау ісі де дамыған. Бірақ Африкадағы серіктестеріміздің жер ресурсы шектеулі. Қазақстан сияқты кең байтақ далаға иелік етпейді. Тиісінше біздің тарап қажетті дәнді дақылды экспорттай алады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл бағыт келіссөздегі басты тақырыптың бірі болғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл ретте еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін толық пайдалануға болады. Сонымен қатар тау-кен және табиғи ресурстарды игеру ісіндегі ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Атап айтқанда, темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар.
Екі елдің әлеуеті мұнымен шектелмейді. Президент Гвинея-Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды. Бұл Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетімен толық танысуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, Гвинея-Бисау жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу ұсынылды. Президенттер халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасып, ой бөліскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әсіресе жаһандық бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты сақтауға қатысты көзқарасымыз ортақ. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Жалпы, жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол мүмкіндік бар.
Ал Гвинея-Бисау Президенті табиғи ресурcтарды барлау бағытында ынтымақтастық орнатқысы келеді.
Умару Сисоку Эмбало, Гвинея-Бисау Президенті:
– Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті механизм бар. Сонымен қатар Сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда қарым-қатынас жасап, көпқырлы байланысымызды ілгерілетуге мүдделіміз.
Мәртебелі мейман Астанадағы бірқатар өндіріс орындары мен ірі орталықтарды аралап көруді жоспарлап отыр. Осылайша елімізбен етене танысып, серіктестіктің жаңа бағыттарын бағдарлауға ниетті. Тиімді ықпалдастыққа Астана да ашық.
Бекзат Аманов, Марат Диханбаев