Алматыда тарихи ғимараттан өрт шықты

Түнде Қазақ-Британ техникалық университеті орналасқан нысанның шатыры өртенді, деп хабарлайды 24kz.

Қызыл жалын ғимаратқа толық жайылған жоқ, ешкім зардап шекпеді. Дегенмен ағашпен жабылған шатырдағы өртті сөндіру оңай болған жоқ.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Тарихи ғимараттың шатыры түнгі сағат онға таман тұтанған. Дәл сол жерде опаративті штаб құрылып, жағдай бақылауға алынды. Өрт сөндірушілер қызыл жалын ошағын жан-жақтан қоршап әрекет етті. Басты мақсат – оттың жайылып кетуіне жол бермеу. Өрт екі сағаттың ішінде оқшауланып, түнгі бірге таман толық сөндірілді. Жағдай дрон арқылы әуеден бақыланды.

Бағдат Шайзада, қалалық ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы:

- Төртінші, бесінші қабатта ауа шахтасы мен екі қабаттан тұратын түгел ағаштан жасалған шатырдың жануы орын алған болатын. Жалпы ауданы 120 шаршы метр. Бұл Алматы қаласының уникальды ғимараты болғандықтан, барлық күш пен құралдарды осы өрттің шатырдан әрі қарай таралып кетпеуіне жұмылдырылған болатын.

Сақшылар аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, коммуналдық қызмет көктайғақты болдырмаудың қамына кірісті. Әкімдік қызметкерлері жеке құрамға ыстық тамақ пен сусын ұйымдастырды. Қызыл жалынмен күреске 100-ден аса өрт сөндіруші мен 30 техника жұмылдырылды. Төтеншеліктер тарихи ғимараттың маңдайшасындағы мемлекттік туды дер кезінде шешіп, ғимарат әкімшілігіне табыстады.

Ұйымдасқан жұмыстың арқасында жалпы көлемі 34 мың шаршы метрлік жәдігер аман қалды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. 120 шаршы метрлік ағаш шатырдың неден жанғанын енді анықтау бөлімінің мамандары зерттейді.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Бұл жай ғана университет ғимараты емес, нысанның тарихы 1938 жылдан басталады. Дәл осы ғимаратта 1990 жылы еліміздің тәуелсіздік декларациясы қабылданып, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланған болатын. Төтеншеліктердің жедел әрекетінің арқасында ғимараттан шыққан өрт дер кезінде сөндірілді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев