Лос-Анджелестегі алапат өрттен 24 адам көз жұмды. LIVE
Лос-Анджелестегі өрттен қаза болғандардың саны 24-ке жетті. Бұл жайлы округ шериф департаменті мәлімдеді. Тағы ондаған адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Өрт сөндірушілер мен құтарушылар тілсіз жаумен бір апта бойы тоқтаусыз күресіп жатыр. Калифорниядағы қазіргі ахуалды АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Ердана Ержанұлынан білейік.
Жүргізуші:
- Өртті ауыздықтау мүмкін болды ма? Соңғы деректермен бөліссеңіз.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бір аптаға созылған өртпен күрес әлі де аяқталған жоқ. Аумағы 16 мың гектарға жуықтады. Бұл Париж қаласынан да үлкен территория.
Жұманың кеші мен жексенбіге қарай өрт ошақтарының біразын сөндіру мүмкін болғанмен, түбегейлі ауыздықтау қиынға соғып жатыр. AccuWeather сайтының мәлімдеуінше, шығын көлемі 150 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Қазір 18500 адам жарықсыз отыр.
Мына картадан көріп тұрғандарыңыздай, Hurst, Eaton, Palisades аймақтарында тілсіз жау әлі де дес бермей тұр. Өрт ошағының 7-ден 3-ке азайғаны көңілге медеу болғанмен, сенбі-жексенбі бәсеңдеген жел екпіні бүгін қайта күшейді. Метеорологтар алдағы күндері сағатына 80-110 км жылдамдықпен жел соғады деген болжам айтты. Мұндай ауа райы сәрсенбіге дейін жалғасса, өртті тіпті үдете түсе ме деген күдікті растайтын сияқты.
Жүргізуші:
- Күдік демекші, дәл осы өртке қатысты әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарап жатыр. Алаяқтық фактілері де тіркелген көрінеді. Бұл жайлы не дейсіз?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Иә, Лос Анжелестегі өртке қатысты жалған ақпараттар АҚШ-ты былай қойғанда, жер-жердегі интернет сегментке тарап кетті. Бұл жайлы осындағы қазақстандықтар да мессенджерлерде туысқандарына алаңдап қалғанын жазып жатыр.
Мәселе мына жасанды интеллектпен жасалған видео мен фотоларда. Бұл материалдар желіде желдей есіп, америкалықтардың ызасын тудырды. Үкіметті дәрменсіз етіп көрсетіп, ештеңе жасамай жатқандай әсер беруі мүмкін. Мұнда әйгілі Голливуд жазуы да өртеніп жатыр. Ал шын мәнісінде Голливуд жазуы жанында тұтанған Сансет өрті өткен аптада ауыздықталған. Алаяқтар да айласын асырып қалуға қамданып жатқандай. «Материалдық көмек аударайық» деген сарында америкалықтардың жеке ақпараттарына қол жеткізу фактілері тіркеліп жатыр. Тура сол сияқты қайырымдылыққа ақша аудару, сақтандыру компаниясының өкілі ретінде жалған қоңырау шалатындар да көбейген. Үкімет өкілдері азаматарды барынша абай болуға шақырып отыр.
Жүргізуші:
- Ресми өкілдер өрттің ырық бермей тұрғанына ауа райының қолайсыздығын, құрғақшылықты себеп етіп көрсетті. Өрт сөндірудің өзі қазір қалай жүріп жатыр? Қанша адам тартылды?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Жалпы Лос-Анджелестегі өртке 14 мыңнан аса адам жұмылдырылды. Мексикадан арнайы 100-ге жуық өрт сөндірушіге келді. Олар – Қорғаныс министрлігі мен орман комиссиясының мамандары. Бұған Канададан 60-қа жуық төтеншеліктер қосылмақ. Тіпті Украина президенті Зеленский 150 өрт сөндірушіні АҚШ-қа жіберуге дайын отырғанын мәлімдеді.
Елең еткізетін тағы бір ақпар – мыңға жуық түрмеде отырған азаматтар да тартылған. Олардың өртпен күрестегі әр күні, жалпы жазаларының екі күнін қысқартады. Мыңнан аса өрт сөндіру көліктерінен бөлек, 84 ұшақ пен тікұшақ қолданылып жатыр. Штат губернаторы Гэвин Ньюсом: «Өрт бұлай кете берсе, АҚШ тарихындағы ең ірі табиғи апат болғалы тұр», - деп мәлімдеді.