Елордалық 216 мың тұрғынға газ жеткізілді

Елорданың 216 мың тұрғыны газға қосылды. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді.

Жоспар бойынша жалпы 300 мың тұрғынды көгілдір отынмен қамту көзделген.

Халықтың қалған бөлігі қашан газға қосылады? Жұмыс жоспары қалай?

Елордаға газ жүргізу ісі 2019 жылдан бастау алды. Бұл бағыттағы жұмыстар 3 кезеңге бөлінген. 2023-те екі кезеңі аяқталса, 2024-2026 жылдары 3-кезеңі іске аспақ. 

Рақымжан Алтынбек, Астана қаласы Энергетика басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы:

- Сәуір айына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы алу бізде жоспарланған. Осы құжаттаманы алғаннан кейін бізде қалған Байқоңыр ауданындағы Өндіріс,Кирпичный, Есіл ауданындағы Пригородный тұрғын алаптарын газдандыру жұмыстары жоспарланған. Толығымен 2026 жылдың соңына дейін жоспарға сәйкес, қалған тұрғын алаптарды газдандыру бізде жоспарланып отыр әкімдікпен.

Қазіргі кезде елорданы газдандыру 60 пайызға орындалды. Айталық, 800 км газ желісі, 27 газ тарату пункттері мен 58 газ реттеуші пункттері салынып, 12  200 абонент , яғни 216 мың тұрғын газға қосылды.

Рақымжан Алтынбек, Астана қаласы Энергетика басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы:

- Ол дегеніміз қаламыздың 4 ауданында жұмыстар жүргізіліп, 14 тұрғын алапқа біз газдандыру жұмыстарын аяқтадық.

Елорданы газдандыру жұмысы түтінді жоюға да көмектеседі дейді қала әкімі. Қазірдің өзінде қаладағы жер үйлердің тең жартысы газға қосылып, көгілдір отынмен жылынып тұр. Бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткенде мәселе толық шешіледі

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

- 1500-ден астам үй газдандырылды. Оның ішінде Үркер тұрғын алабы бар. Енді Өндіріс, Гарден вилледж және Шұбар тұрғын алаптарын газдандыру басталады.

Ал көпқабатты үйлер мен басқа да секторларға жылу тарататын орталықтың екеуі де газға көшіріліп, жаңадан қосылған үшіншісі толықтай газда жұмыс істейді.

Мөлдір Молдағали, Мұрат Әріпханов, 24 кз.