АҚШ-та Дональд Трампты ұлықтау рәсіміне дайындық қызу
АҚШ Дональд Трамптың ұлықтау рәсіміне қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Алдағы дүйсенбіде болатын іс-шарада қауіпсіздікке көп көңіл бөлінген. Жаңа жыл қарсаңында, Жаңа Орлеанда болған лаңкестік әрекет қайталанбас үшін шаһарда сақтық шаралары күшейтілген. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, полициямен бірге мыңдаған әскери жұмылдырылады.
20 қаңтарда Дональд Трамп 47-ші АҚШ президенті болып Ақ үйге қайта оралады. Ұлан асыр той бүгін салтанатты шерулермен басталып, дүйсенбі күні ресми ұлықтау рәсімімен жалғасады. Іс-шараның бас ұйымдастырушысы Майкл Томас бұл ел тарихындағы ең көп Құпия қызмет өкілдері мен әскерилер жұмылдырылған инаугурация болғалы тұр деп мәлімдеді.
АҚШ тарихындағы 60-шы инаугурация Қазақстан уақытымен кешкі сағат 10-да басталады. Қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге 25 мың әскер, 7800 ұлттық күзет қызметкері тартылып, Потомак өзенін қарауылдау үшін 25 күзет қайығы қолданылады. Бұған 50 шақырымға жететін торлы темір қоршауды қосыңыз. Ол салтанатты сырттан бақылайтын мыңдаған көрермен мен арнайы билет алған 250 мың азаматты қорғау үшін қойылған.
Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлініп жатқандығының себебі көп. Дональд Трамптың сайлауалды науқаны кезінде бір рет құлағына оқ тиіп, екінші рет қастық құрбаны бола жаздағанын ескерсек, неліктен түрлі сақтық шаралары қолға алынғанын бірден түсінесіз.
Мэтт Маккул, АҚШ Құпия қызметінің арнайы агенті:
- Бұл аса маңызды іс-шара. Қауіпсіздіктің кешенді жоспары аясында түрлі тәсілдермен қатар дрондарды да қолданбақпыз. Тұрғындарымызға инаугурация күні де, оған дейінгі дайындықта да ұшатын аппараттарды көріп, сескеніп қалмаңыздар дер едім. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың түкпір-түкпірінен мыңдаған маман жұмылдырылды.
Ресми бағдарлама бойынша Вашингтондағы Ұлықтау салтанаты Лафайет алаңындағы Әулие Джон шіркеуіндегі діни рәсіммен басталады. Сосын Дональд Трамп Мелания ханыммен бірге Ақ үйге аттанып, онда ерлі-зайыпты Байдендермен кездеседі. Қос президент жұбайларымен бірге шай ішіп, шүйіркелесіп жатқанда жүзге жуық маман таң бозынан жиһаз-бұйымдарды көшіреді. Артынша бәрі Капитолий ғимаратына барып, Дональд Трамп пен вице-президент Джэй Ди Вэнс ресми түрде ант береді. Тек АҚШ емес, бүкіл әлем тамашалайтын сәт лаңкестердің де нысанасына айналуы мүмкін болғандықтан, қауіпсіздік барынша күшейтілген.
Томас Мэйнджер, АҚШ Капитолий полициясының бастығы:
- Менің ойымша, ең үлкен қауіп жалғыз әрекет ететін қаскөйлерден болуы мүмкін. Өткен аптада ғана президент Картерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі кезінде Капитолий маңында осындай екі күдікті ұсталды. Бірі ғимаратқа пышақ пен мачете секілді суық қару алып өтпек болса, екіншісі осы жерде өз автокөлігін өртеу арқылы жүріп жатқан жиынды бұзуды қалаған. Сол себепті бұл іс-шараны да бақылау ең жоғары деңгейде жүргізіліп отыр.
Сауалнама:
- Вашингтонға арнайы келіп отырмын. Шараның бәрін ғимарат ішіне ауыстыратынын естіп, көңіл күйім сәл түсіп тұр. Десе де осы бір маңызды күнді барынша жақсы өткізуге тырысамыз.
- Қолымда алты билет бар. Бірақ күн райы тым суып, сырттағы экран арқылы тамашалауға мәжбүр болсақ, жылы жерден не үйден көре бергеніміз жөн сияқты.
Трамптың инаугурациясына АҚШ-тың бұрынғы президенттерімен қатар шет елдердің үкімет басшылары қатысады. Шақырту алғандар қатарында Аргентина, Италия, Мажарстан, Сальвадор және тағы басқа мемлекеттердің билік басылары бар. Трамптың Бейжіңдегі әріптесі жіберілген шақыртуға қарамастан өзі келмей, арнайы өкілін жібермек. Одан бөлек, Илон Маск, Джефф Безос, Марк Цукерберг сынды миллиардерлер де төбе көрсетеді. АҚШ-та жабылғалы жатқан TikTok-тың төрағасы Шоу Чю да қатыспақшы.
Авторы: Ердана Ержанұлы.