Қазақстанда жанармай бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталды

Елде бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталды, деп хабарлайды 24kz.

Энергетика министрі қол қойған жаңа бұйрық бүгіннен бастап қолданысқа енді. Құзырлы ведомство басшысы мемлекеттік реттеуді алып тастаудың бірнеше себебі барын жеткізді. Ол – инфрақұрылымды жаңғырту, елде мұнай өндіру үшін қолайлы жағдай жасау, ішкі нарықты қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру мен жаңа мұнай өңдеу өндіріс орындарын дамыту. Енді нарық жағдайды өзі реттейді. Ал мемлекет мұнай өнімдері бағасының күрт шарықтамауына жол бермейді. Алмасадам Сәтқалиев қажет болған жағдайда монополияға қарсы ұйым тексеріс жүргізетінін атап өтті. Министрлік бүгінде елімізде бензин мен дизель отынының бағасы әлемдегі ең төмен бағалардың қатарында екенін және бұл көрші елдермен айтарлықтай баға алшақтығына әкеліп отырғанын айтты.