Балқаштағы бітпейтін балабақша
Балқаш қаласындағы ең үлкен «Таңшолпан» балабақшасында құрылыс жұмыстары кестеден кешігіп жатыр.
Әлеуметтік нысан тамыздың басында тапсырылуы керек болатын. Алайда мердігерлер үлгермеген соң, келісімшарт қайта қаралып, жоба мерзімі 1 қыркүйекке дейін созылды.
Жалпы бұл бөбекжайдың іргетасы 1964 жылы қаланған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Биыл қазынадан 207 миллион теңге бөлініп, сәуір айында құрылыс жұмыстары басталған. Аумағы - 7 мың шаршы метр. Мердігерлер екі ауысыммен жұмыс істеп, құрылысқа 40 адамды жұмылдырған. Ал балабақшадағы 275 бүлдіршін уақытша басқа бөбекжайларға орналастырылыпты. Тапсырыс беруші тарап, яғни білім бөлімі егер мердігер ұйым осы жолы келісімді орындамаса, сотқа жүгінетіндерін айтады.
Қанат Орманов, мердігер:
- Құжаттарымыз кішкене созылды. «Включить», «добавить» көбейіп кетті. Бұл жерде қабырға тозып кеткен, А блокта да, Б блокта да. Уақытымыз соған кетіп қалды. Сосын бұл жерде еш нәрсе жоқ. Материалдың бәрін Астанадан, Алматыдан алдыртып жатырмыз. Құдай қаласа, айдың аяғына дейін бітіреміз деп отырмыз.
Сағынжан Бақдәулет, «Таңшолпан» балабақшасының директоры:
- Баланың барлығы өз-өзді орындарына отырғызылған. Балқаш қаласындағы барлық балабақшаға бөлінді, басқа топтарға. Негізінде, атап айтар болсақ, 5-ші мектептің шағын орталығында 100 баламыз отыр. Өз балалар басқа балабақшада отыр. Солай қазіргі күні барлық ата-аналар хабарландырылған.