Мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі
Бүгінде елдегі мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі.
Ондағы мақсат – жоғары сынып оқушыларының қабілетін бағамдап, болашақ кәсібін таңдауға жәрдемдесу. Тиімділігі, ғылыми тұрғыда дәлелденген түрлі тестілеу, диагностикалау құралдары қолданылады. Алайда еліміз бойынша біріздендірілген әдіс-тәсіл енгізілмеген. Енді Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен барлық өңірде арнайы кураторлар белгіленді. Олардың міндеті – кәсіби бағдар беруші педагогтердің жұмысын үйлестіру.
10-сынып оқушысы Кәусар Базарбай өз мектебінде кәсіби бағдар беруге көңіл бөліне бастағанына қуанады. Түрлі тестілеу, сауалнамаға қатысу, сондай-ақ диагностикалау әдістері болашақ түлектерге мамандық таңдауға бағыт береді. Мамандар баланың қабілетін анықтауға көмектеседі.
Кәусар Базарбай, №26 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы:
- Мен болашақта мұғалім болғым келеді. Өскен сайын осы мамандыққа махаббатым өшкен жоқ, дамып келе жатыр. Мен ағылшын тілі мұғалімі боламын, қазірден дайындалып жатырмын. Грантқа түсемін деген үміттемін.
Кәсіби бағдарлаудың мақсаты – жоғары сыныптан бастап оқушының келешек мамандыққа деген ынтасын ояту. Түрлі сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылады. Балалар, мәселен, дәрігер, инженер немесе ұшқышпен әңгімелесіп, сұрақтарын қояды. Бұрын өзіне бейтаныс мамандыққа қызығушылығы оянатын кездер де болады, – дейді ұстаздар. Осылайша, саланы әрі қарай зерттеп, таңдау жасайды.
Анна Зеленая, №26 мектеп-гимназияның педагог-кәсіби бағдар берушісі:
- Балалармен сөйлескен кезде ең алдымен өз қалауларыңды жоғары қойыңдар деймін. Не нәрсе жасағанды ұнататындарыңды, нені сүйетіндеріңді еске түсіріңдер, бұл маңызды екенін жеткіземін. Себебі қазір балалар мамандық таңдағанда «қай жерде көп ақша табуға болады?» деп сұрайды. Ал мен: «жақсы көретін іспен айналыссаңдар, әрқашан табысқа жетесіңдер», – деймін.
Бүгінде білім беру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс секілді бірқатар салада маман тапшы. Ал жоғары білім алғандардың 40%-і өз кәсібімен айналыспайды. Мәжіліс депутаты Динара Наумова осындай дерек келтірді. Айтуынша, мемлекет оқушыларды кәсіптік бағдарлауды одан әрі дамытуға назар аударуы керек.
Динара Наумова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халықаралық тәжірибені зерттей келе, балалармен жеке-жеке жұмыс істеу тәжірибесін байқадым. Менің ойымша, бұл анағұрлым нәтижелі. Баланың өзіндік қырын, ептілігін, басым бағыттарын ескеру қажет. Қазір көптеген әдістер әзірленіп жатыр. Ерте ме, кеш пе, біздің елде де қолданыла бастайды. Сол кезде нәтижесімен бөлесеміз.
Биыл елімізде алғаш рет кәсіби бағдар берудің жай-күйін анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясында кәсіби бағдарлау орталығы құрылып, өңірлермен тығыз байланыс орнатылды.
Қуандық Тайболатов, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА Кәсіби бағдарлау және адами капиталды дамыту орталығы директорының м.а.:
- Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы барлық өңірде кәсіби бағдар беру бойынша кураторларды анықтады. Өңірдегі кәсіби бағдар беру кураторының мақсаты – ол әр өңірдегі кәсіби бағдар беру жұмысын үйлестіру. Биылғы жылдан бастап ұлттық модель әзірленеді. Пилоттық режимде барлық өңірлерде енгізіледі. Осы модельдің негізінде кәсіби диагностикалау және кәсіптік кеңес беру, ақпараттандыру, барлығы осы модель негізінде жүзеге асырылатын болады.
Кейінгі жылдары жастардың шығармашылық салада кәсіп таңдауы трендке айналған. Бұған әлеуметтік желінің әсері де бар. Тағы бір жаңашылдық, көп жас қазір тіс дәрігері болуды да армандайды. Сарапшылар осылай деп отыр. Бұл саладағы жоғары жалақы мен стоматологтардың қоғамдағы беделімен байланысты. Педагогтер мамандық таңдауадан жаңылыспаған оқушы болашақта білікті маман боларына сенеді.
Авторлары: Рухани Асқар, Әнуар Абдрахманов, Нұрғали Мамырбаев.