Алматыдағы балабақшалар білім беру және тәрбие бағдарламасына Сингапур әдісін енгізді

Алматыдағы 24 балабақша білім беру және тәрбие бағдарламасына Сингапур әдісін енгізді.

Баланың дербестігіне ден қоятын, қабілет-қарымын ерте кезден зерттейтін шетелдік әдіс ата-аналардың да көңілінен шығып отыр.

Балдырғанды баптаудағы ұжымдық жұмыс тәрбиешілер мен ата-аналар арасындағы байланысты арттыра түскен. Сингапур әдісін енгізген балабақша өзге әріптестерімен қызықты квест өткізді.

Экономикасы қарқынды дамыған Сингапурда балаға тәрбие мен білім беруде теориядан гөрі тәжірибе басым. Балдырғандар көзбен көргенін қолымен ұстап, тапсырманы орындау кезінде дербес жұмыс істейді екен. Міне, осындай шығармашылық, тәжірибелік еркіндік алматылық бөбекжайларда да қолға алына бастады.

Қымбат Қарабалаева, балабақша меңгерушісі:

- Тіпті бір ғана тәжірибені өз қолымен істеп көрсе ол кейін үлкен өмірде сол тәжірибені іске асырып, тіпті сол үлкен маман шығады деп айта аламыз. Тек қана баланың бойына дағдыларын сіңдіре білу керек. Сол дағды арқылы бала кез келген мақсатына жете алады. Екіншіден ата-ана бізбен жұмыс жасау керек. Біздің қалыптастырған дағдымызды үйге барғанда ата-ана дамытса, онда екі жақ жұмыс істегенде ол баладан үлкен үміт күтеміз.

Ата-ана мен баланың байланысын нығайту мақсатында квест ойыны  ұйымдастырылды. Әр отбасы 5 тапсырманы орындады. Есеп шығарып, шығармашылық өнерін көрсетті. Спорттық жарысқа қатысты. Тіл дамыту ойындарын ойнап, зертханалық жұмыстарды істеп көрді. Қарапайым тапсырмалар ата-анаға перзентінің қай салаға бейім екенін көрсетеді.  

Зәуреш Біләл, қала тұрғыны:
- Әсіресе мектеп алдындағы даярлық топтарындағы жаңағы сандарды рет-ретімен қою, оларды табу деген сияқты. Ойындар да солай ойластырылған. Сурет салу арқылы адамның ой-өрісін, фантазиясын, қиялын ұштау арқылы балалар мен ата-аналардың арасындағы байланысты орнатып тұр.

Қаладағы балабақшалардың жұмысын дамыту мақсатында былтыр 2300-ден астам педагог тәжірибесін толықтырған. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

Наталья Карасёва, қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың жетекшісі:

- Сингапурлық әдістеме қаладағы 24 мектепке дейінгі мекемеде қолға алынды. Олар әртүрлі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біреулері соның көмегімен балаларға ағылшын және қазақ тілін үйретіп жатыр. Кейбір балабақшалар экологиялық тәрбиеге басымдық беріп отыр.

Сингапурлық тәжірибені балабақшаға енгізудегі мақсат – бала тәрбиесіне ата-аналарды жұмылдыру. Инновациялық жобаны қаланың өзге де балабақшалары зерттейтін болады.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев