«Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстік жастарына 4 мыңға жуық грант бөлінді

«Серпін» бағдарламасына құжат қабылдау басталды.

Биыл оңтүстік өңірдің жастары үшін 19 оқу орнынан 4 мыңға жуық грант бөлінген.

Сөйтіп, маман тапшылығы жоғары аймақтарға талапкерлерді тарту үшін қандай қолдау бар екен?

Жансая Бекен «Серпін» бағдарламасы бойынша құжат тапсыруға келіпті. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 88 балл жинаған ол грант иеленіп оқуға түсуді армандайды. Мақсаты – педагог болу. 

Жансая Бекен, талапкер:

- 88 балмен мүмкіндік аз болғандықтан «Серпін» бағдарламасын таңдап отырмын. Өйткені «Серпін» бағдарламасына солтүстікке 100% мүмкіндік бар деп айтылған. Әрі қарай жақсы жұмыс ұсынып жатса қалу да ойымда бар. Негізі ыстық жақты емес суық жақа кеткім келеді.

Оңтүстік өңірдің жастарын Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстанға оқуға тарту үшін 3903 грант бөлінді. 19 жоғары оқу орны таңдалды. Ұсынылған мамандықтар педагогика, инженерлік - техникалық, ақпараттық технологиялар және ауылшаруашылығы саласы. Талапкерлер 24 шілдеге дейін электронды үкімет порталы арқылы немесе қабылдау комиссиясына келіп құжат тапсыра алады. 

Арман Қылышбаев, қабылдау комиссиясына жауапты хатшының орынбасары:

- Қазіргі таңда 19 жоғары оқу орны осы мамандықтар бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол 19 ЖОО байқасаңыздар Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Көкшетау, Қарағанды аймақтарында орналасқан университеттер болып табылады. 

Университет ректорлары да қабылдау комиссиясына келген талапкерлермен түсіндіру жұмыстарын өткізіп жатыр. Конкурстан өткендер тегін білім алып, стипендияға ілігеді. Жатақханамен қамтылып, жұмысқа орналасады. 

Нұрлан Дулатбеков, университет ректоры /Қарағанды/:

- Біздің университетіміздің өзінде 2 мыңға жуық бала осы «Серпін» бағдарламасымен оқып жатыр. Олардың жұмысқа орналасуы нәтижесі 80-86%-ға дейін болып жатыр. Оларды әлеуметтік қолдау мемлекеттік тұрғыда жүзеге асырылып жатыр. Міне, кешеден бері 50-56 баланың ата-аналарымен сөйлесіп, біз қандай мүмкіншілік жасаймыз сол туралы айтып бердім.

Биылғы оқу жылына 112 мың грант бөлінді. Оның 79 мыңы бакалавриатқа берілсе, қалғаны магистратура мен докторантураға тиесілі. Гранттар әртүрлі санат бойынша сараланып, арнайы квоталар бекітілген. Биыл су басқан өңірлердің 12 мыңнан астам түлегі тегін оқиды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен «серпіндіктердің» үлесі айтарлықтай өсті. Биылдан бастап оңтүстіктен өзге өңірге аттанған студенттер оқу грантын бұрынғыдай 3 жыл емес, 2 жыл өтейді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов