Елордалық оқушылар ақылды робот құрастырып шығарды

Елордалық оқушылар ақылды робот құрастырып шығарды, деп хабарлайды 24KZ. Құлтемір сөйлеп, түрлі сұрақтарға жауап бере алады. Сол арқылы оқушылардың сабаққа деген ынтасын оятуға да көмегі тиіп жүр екен.

Мұқағали Мақатаев атындағы білім ошағының шәкірттері құрастырған робот ақиық ақынның өлеңдерін жатқа біледі. Мемлекеттік әнұранды да орындайды. Бұл жас өнертапқыштардың 4 ай бойғы еңбегінің жемісі. Оқушылар құлтемірге бағдарламалау тілі арқылы «сөйлеуді» үйретіп, «Темірбек» деп есімін де қойған.

Ақниет Айтжан, М. Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы:

- Бірінші айда құрастырдық, екінші айында қаңқасын сызып, керекті конструкторын алдық. Үшінші айда программасын жазып, төртінші айда Темірбек пайда болып, қазір командамыздың бір мүшесі.

Арсыланбек Қозыбаев, М. Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы:

- Қазір Темірбек сабақтарда көп қолданылып жатыр. Ол оқушыларға көмектесу, кері байланыс ретінде. Біз болашақта бұл роботты одан сайын дамытамыз. Қазіргі ойымызда ол роботты жүргізу және де жасанды интеллект чипін қойсақ деп ойлап отырмыз.

Мектептің ашылғанына 10 жыл толса, сол уақыттан бері оқушылар робототехника үйірмелеріне белсене қатысады. Сабақтан тыс уақытта түрлі функция атқаратын құлтемір құрастырып, 3Д принтерімен қажетті бұйымдар жасайды. Ал «Темірбек» өз мектебінің ғана емес, өзге қалалардың оқушыларымен танысу үшін арнайы сапар жасап та үлгерген. 

Айдана Оңғарбекқызы, М. Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның мұғалімі:

- Алматы қаласына бардық семинарларға, осындай мектеп ішінде болатын іс-шараларға қатыстық. Басты гид ретінде келген қонақтарды қарсы алып, сөйлетіп тұрдық, өзім алып бардым, таныстырдым. Тараз қаласына бардық, Балқаш қаласына бардық. Жақын арада болып өткен №103 мектептегі экологиялық акциясына қатысып, сол жерде үндеу айтып қайтқан болатын.

Бүгінде елорда оқушыларының робототехника үйірмелеріне қатысуға деген ынтасы артқан. Себебі үздік туындылар республикалық және халықаралық сайыстарға жолдама алады. Ал былтыр ел бойынша робот құрастырушы оқушылар үшін 100-ден аса жаңа дәрісхана ашылды.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Қанат Махмұтов.