Мектеп оқушыларының ас мәзірі өзгереді

Қант мөлшері аз компоттан бастап дәстүрлі жылқы етіне дейін.

Елде мектеп оқушыларының ас мәзірі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Себебі денсаулық сақтау министрлігі сарапшылармен бірлесіп, жаңа тамақтану стандартын әзірлеп шыққан. Қазір жоба қоғамдық талқылауда қаралып жатыр. Қазақстандық оқушылардың ас мәзірі қалай өзгермек?

Тәтті газды сусындардың орнына – хош иісті итмұрын шайы, бұрынғы майлы тұздықтар да жоқ. Қазір мектептерде оқушылардың ас мәзіріне бұршақ салаттары, жылқы және сиыр етінен жасалған тағамдар, тіпті жент сияқты дәстүрлі тәттілер ұсынылады. Бұл стандарттар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары негізінде жасалған.

Ақкүміс Салханова, ЮНИСЕФ Қазақстан тамақтану жөніндегі ұлттық кеңесші:

- Ең алдымен Қазақстанда жүргізілген зерттеу деректеріне тоқталсам. Оған сәйкес 6 мен 10 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақ пен семіздікке шалдыққан. Яғни бұл өте жоғары көрсеткіш, әрі динамика теріс сипатқа ие. Өкініштісі, бұл сан өсіп келеді. Басты себеп - жоғары калориялы, қоректік құндылығы төмен, қант, май мөлшері тым көп тағамдарды тұтыну.

Мектеп оқушыларының тамақтану рационын өзгерту қажет екенін денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың соңында мәлімдеген еді. Асханаларда қант пен тұз мөлшері қазір үш есе азайтылған. Бұл семіздік, диабет және жүрек ауруларының қаупін төмендету үшін жасалды, дейді нутрициологтар.

Бағай Назарбайұлы, нутрициолог:

- Тәулігіне адамның ағзасында қант мөлшері 4,5 миллиграммнан аспау керек. Егер одан асып кеткен жағдайда ол инсулин бездерінің қызметінің бұзылысына алып келеді. Ол кезде денедегі қанттың мөлшері артады да диабет ауруларының алғашқы белгілері көріне бастайды. 

Қанттың мөлшерін асыруға болмайды, тұздың мөлшерін де ас мәзірінде асыруға болмайды. Егер тұз кем болатын болса, онда ағзадағы судың ағысының мөлшері жеткіліксіз болады, бұлшық еттердің жиырылуы, нервтердің тырысуы, буын және сіңірлердің тартылуы сияқты белгілер байқала бастайды.

Айта кету керек, қазір мектеп асханаларындағы тағам сапасын бақылау үшін Қазақ тағамтану академиясы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп арнайы онлайн ресурс әзірлеген. Оның арқасындағы асқа қосылған ақуыздар, майлар мен көмірсулардың мөлшерін тексеруге болады. Бұл жүйені аспаздардан бастап ата-аналарға дейін кез келген адам пайдалана алады. 

Ақкүміс Салханова, ЮНИСЕФ Қазақстан тамақтану жөніндегі ұлттық кеңесші:

- Бұл онлайн ресурста тағамның құрамын енгізу арқылы мектеп асханасы мен балабақшадағы тамақтардың барлық қоректік заттарын тексеруге болады. Оны кез келген адам – мектеп қызметкерлері, жеткізушілер, ата-аналар мен оқушылар пайдалана алады. Яғни бұл құрал тексеруге, мониторинг жүргізуге және мәзір жасауға көмектеседі.

Бұдан бөлек мектептерде ата-аналардан құрылған бракераждық комиссиялар да жұмыс істейді. Олар азық-түліктердің сапасын тексеріп, стандартқа сай болуын қамтамасыз етеді. 

Анаргүл Өтепбергенова, бракераждық комиссия мүшесі:

- Екі-үш сыныптан жиналып, айына 2 рет тексереміз. Бәрін тексеріп шығамыз. Документация тексереміз, тамақты дайындайтын поварлардың документтерін, медосмотр бәрі болу керек. Сроктарын тексереміз, тамақтың сроктарын, менюді тексереміз. 

- Пробасын аламыз. Қаншалықты дәмді пісіріліп жатыр, стандарт бойынша граммы сәйкес келе ма, соның бәрін тексереміз.

Жалпы мектеп оқушыларының ас мәзірінің жаңа стандарттары әлі қаралу үстінде. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңашылдық ақпан айында енгізілуі мүмкін.

Риат Шони, Мұрат Әріпханов