Дуалды оқыту – кәсіпке баулу жолы

Дуалды оқыту жүйесі – мамандықты іс жүзінде меңгертудің тиімді технологиясы. Теорияны өндіріспен ұштастыра оқытқанда ғана нағыз кәсіптік маман даярлап шығаруға болады.

Өндірісте шыңдалған түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі де жоғары. Бұл туралы Түркістан облысының Сайрам ауданында өткен «Дуалдық оқыту құралы өндіріс» атты облыстық семинарда айтылды.

Семинар қатысушыларына Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжі мен серіктес кәсіпорынның тәтті өнімдер шығаратын өндірістік цехы таныстырылды. Онда колледж студенттері аспаздармен бірге кондитерлік өнімдерді пісіріп, дайын өнімді қаптауға көмектеседі. Мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие қажетті мамандарға сұраныс жоғары екенін айтады.

Рысалды Нәлжігітова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Біздің өңірде қазір 50 техникалық кәсіптік білім беру жүйесі болса, соның 9-ы осы Сайрам ауданында орналасқан. Ірі машина жасау зауытының өзі республикалық көлемде танымал зауыттың бірі. Одан шыққан өнімдердің бәрін Ресей, шекаралас мемлекеттерге сатылып жатыр. Сол өнімдерді шығаруға ықпал етіп отырған біздің осы колледждің студенттері.

Кәсіптік білім ұясы 2012 жылдан бастап техникалық бағыттағы 10 мамандық бойынша кадр дайындайды. Қазір мұнда 545 студент дәнекерлеу, электрмен қамтамасыз ету, тігін өндірісі, аспаздық, кірпіш қалау, токар мамандықтары бойынша білім алуда. Десе де, өңірге жұмысшы мамандықтар әлі де қажет.

Сержан Дүйсебаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізге мамандықтар керек болып тұр. Төменгі саладағы дәнеркерлеушілер, жұмысшы мамандықтарына дайындайтын мықты техникалық қызметкерлер керек. Сол колледжді бітіріп шыққан мамандар келешегі мықты маман болып шығады. Өйткені олар бірінші өндірісте жұмыс жасайды, екінші теория. Екеуін біріктіріп білім алады.

Дуалды оқыту базалық кәсіпорындарында өндірістік оқыту уақыты – 60%. «Соның нәтижесінде студенттер жұмыс берушілердің талабына тез бейімделіп, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі артады», - дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш