Жолдау-2026: цифрлық жаңғыру жағдайындағы әйелдер кәсіпкерлігі
Қазақстандағы шағын және орта бизнес нысандарының жартысына жуығын әйелдер басқарады, деп хабарлайды 24KZ.
Ендігі маңызды міндет – олардың жаңа технологиялар мен цифрлық қызметтерді тиімді меңгеруіне қолдау көрсету. Бұл мәселе Өскемендегі республикалық семинарда кеңінен талқыланды. Жиынға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық мүшелері қатысты. Мамандар заманауи цифрлық платформалар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы кәсіпкерлік табысты арттыру жолдарын қарастырды. Бұл жайында Мемлекет басшысы да Жолдауында атап өткен болатын. Семинар аясында қатысушыларға киберқауіпсіздік негіздері, жеке сайт әзірлеу, маркетплейстерге шығу және цифрлық құралдарды кәсіпкерлік қызметте қолдану жолдары үйретілді. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту ауыл тұрғындары мен 50 жастан асқан әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Азиза Шужеева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі:
– Жалпы осы цифрлық экономика нарығына шығу керек. Себебі бұл – кәсіпкерлікке қадам басудың ең оңай әрі арзан жолы. Маркетплейсте онлайн-дүкен ашып, сауда жасай беруге болады. Тіпті тәжірибеңіз болмаса да, істі бастап, өз аудиторияңызды байқап көре аласыз. Цифрлық маркетингті оқып, видеоларды да өзіңіз жасауға болады.