Ақмола облысында «Серпін» бағдарламасымен 402 студент білім алып жатыр
Ақмола облысында биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша 402 студент білім алып жатыр.
Оның 248-і жоғары оқу орнында, қалғаны колледждерге түскен. Игі бастамаға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Бірақ бұл өңірдегі кадр тапшылығын қаншалықты шеше алады? Серпіндіктер сенімді ақтай алды ма?
«Серпін» бағдарламасы аясында биыл оқуға түскендердің бірі Аруна Нұрмаханова. Қызылордалық бойжеткен облыс орталығындағы жоғары оқу орынын таңдаған. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Аруна Нұрмаханбетова, студент:
- Мен шекті балл жинадым, дегенмен грантқа түсу ықтималдылығы аз болды. Дәл осы сәтте мен «Серпін» грантын көрдім. Қазіргі уақытта грантта оқимын. Серпіннің бір тиімділігі маған грантта оқуыма септігін тигізді.
Тағы бір Оңтүстіктің тумасы Жайна Минажова «Серпін» бағдарламасы бойынша университетті осындан үш жыл бұрын бітірген жас маман. Қазір ол Көкшетаудағы колледждердің бірінде сабақ береді. Оның айтуынша, өзімен бірге оқыған жерлестерінің көбі осы өңірде қалуды қаламаған.
Жайна Минажова, мұғалім:
- Группаны ең әуелі 25 студентпен бастадық. Жыл соңына дейін азайды. 20 немесе 22 қателеспесем. 22 студенттен тек екі бала ғана қалды. Қалғандары бәрі өз өңірлеріне кетті.
Алайда мұндай тұрақты жұмыс бәріне бірдей табыла бермейтіні жасырын емес. Дегенмен, аудан, ауылдарда бос орын көп. Бірақ жастардың шалғайға барғысы келмейді.
Арман Хабдулин, университеттің департамент басшысы:
- Біз студенттерді Ақмола облысында мәжбүрлеп жұмыс істете алмаймыз. Қазір бағдарлама аясында олар 8 өңірге барып қызмет ете алады. Сондықтан көп жастар үлкен қалаларға ұмытылады. Жалпы бізде студенттерді жұмысқа орналастыру деңгейі қазір 87 пайызға жетіп отыр.
Биыл 3 жылдық үзілістен кейін өңірдегі колледждер серпіндіктерді қайта қабылдады. Әсіресе, техникалық мамандықтарға баса көңіл бөлінген.
Раушан Өренбаева, жұмыспен қамту және ӘБ үйлестіру басқармасының маманы:
- Биылдан бастап «Серпін» бағдарламасы өңірдегі 10 колледжде қайта іске қосылды. Қазір онда әр өңірден келген 150-ден астам бала сұранысқа ие 28 мамандықты меңгеріп жатыр. Бұл да өз кезегінде өңірдегі техникалық мамандарға деген кадр тапшылығын шешеді деген ойдамыз.
Жалпы 2014 жылдан бастап өңірде бағдарлама аясында 2300-ге жуық студент білім алды. Соның 87 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко