Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына 80 жыл толды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде – Қазақстан тарихының 7 томдық академиялық басылымы әзірленіп жатыр.
Бұл еңбектің негізгі үйлестірушісі 80 жылдық тарихы бар Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты. Институт Қазақстандағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Ол тарихи жадыны сақтау, ғылымды дамыту және ұлттық сананы қалыптастыру бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді. Алғашқы «Қазақстан тарихы» академиялық басылымынан бастап, қыруар еңбек жазылып, жарыққа шықты. Соңғы жылдары саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның атсалысуымен 52 томдық ғылыми еңбектер мен құжаттар жинағы жарық көрді. 3 томдық Қазақстан тарихының энциклопедиясы жасалды. Ал ашаршылық зобалаңы туралы естеліктер негізінде жазылған 20 томдық еңбек келесі жылы оқырман қолына тиеді.
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:
- Осы жылдың аяғына дейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Тынымбайұлы Қариннің жетекшілігімен 32 адам редкология жұмыс жасап жатыр. Қазақстан тарихы: Ежелден бүгінге дейін деген 7 томдық еңбек аяқталып жатыр. Амандық болса келесі жылдарда оқырманның қолына тиеді деп ойлаймыз. Ол өте сүбелі, мықты, фундаменталды еңбек.