Алматы облысында ЖИ мәселесі халықпен талқыланды

Еліміздің жоғары оқу орындары 500-ден аса жаңа мамандық бойынша кадр даярлауды бастады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Алматы облысы халқымен кездесуде мәлімдеді. Басқосуда білім беру сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және жасанды интеллектіні тиімді қолдану мәселелері кеңінен талқыланды.

Алматы облысында өткен кездесуге оқытушылар, студенттер және ғылым саласының өкілдері қатысты. Вице-министр өңір тұрғындарына ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын таныстырды. Жиында цифрландыру үдерісі, заманауи технологияларды енгізу және жасанды интеллектіні білім беру саласында қолданудың мүмкіндіктері ерекше назарға алынды.

Давранжан Ғаипов, SDU университетінің бірінші проректоры:

- Жалпы технологияны қолдану, ЖИ қолданудың дұрыс жолын, бағыт-бағдарын беру өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені егер ол солай жүзеге аспайтын болса, ол бізге керісінше жастардың тұлға ретінде қалыптасуына, маман ретінде қалыптасуына кері әсері болады деп ойлаймын.

Кездесу барысында өңірдегі білім инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қозғалды. Атап айтқанда, Алатау қаласына қарасты аумақта академиялық қалашық салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар халықаралық серіктестікті кеңейту бағытында нақты ұсыныстар айтылды. Биыл өңірде Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы ашылса, алдағы уақытта кореялық KAIST университетін орналастыру мүмкіндігі де қарастырылуда.

Талғат Ешенқұлов, Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Біз өзіміздің елдегі ЖОО-ларға шет мемлекеттегі алдыңғы қатарлы, белгілі ЖОО-лармен серіктестікті қалыптастыруды қолға алдық. KAIST университеті бұл үлкен зерттеушілік университет Кореяда орналасқан. Бірнеше жыл болды, соңғы екі жылдай болды осы ЖОО-мен келіссөздер жүргізілді.

Соңғы жылдары Қазақстанда 40-қа жуық шетелдік университетпен серіктестік орнатылып, 500-ден аса жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жонкешов