Қостанайда студенттік ассамблеялар форумы өтті
Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған Студенттік Ассамблеялардың І Республикалық форумының пленарлық отырысы өтті.
Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов және Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, «Ассамблея жастары» ұйымының көшбасшылары, сондай ақ елдегі жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттік ассамблеялардың жетекшілері қатысты.
Cтуденттік қауымдастық үшін жаңа мүмкіндіктерді ілгерілету. Әр өңірден келген студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Бұл форум жұмысына жүктелген басты міндет.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Қостанай облысында 200 мыңнан астам жас өмір сүріп келеді. Биыл өңірдің ЖОО-да 20 мыңға жуық студент білім алуда, соның ішінде 25 проценті білім гранты негізінде оқиды. Сонымен қатар 33 техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында 22 мыңға жуық студент білім алуда. Соның ішінде 90 проценті грант иегерлері.
Пленарлық отырыста еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің мәдениетаралық үнқатынас, әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі ұсынылды. Ассамбеля өкілдері озық тәжірибені пайдалануда белсенді жастардың рөлі зор екенін айрықша атап өтті.
Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
- Барлығы өздеріңізге байланысты. Ал ол жолды сіздер мына студенттік ассамблеямен, жалпы Ассамблея жастары, жалпы бірлікпен, жалпы елдің құндылықтарымен байланыстырдыңыздар. Бұл өте маңызды. Бұл дұрыс жол деп санаймын.
Форум аясында топпен жұмыс істеу, коммуникативтік дағдылар мен көшбасшылық тақырыптары бойынша тренингтер өткізілді. Қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерде 100-ден астам студенттік ассамблея құрылып, «Ассамблея жастары» ұйымының белсенді бөлігіне айналды.
Талғат Серікқалиұлы