Құлсарыдағы бес мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды
Бәріне бірдей тең мүмкіндік.
Атырау облысындағы Құлсары қаласында Теңізшевройл компаниясы мен Samruk-Kazyna Trust қоры бірлесе отырып 5 мектепке инклюзияны қолдау кабинеттерін ашты. Осындай әлеуметтік қолдаудың арқасында енді 158 бала өз замандастары қатарлы мектепте білім алады. Тағы Теңізшевройл компаниясы Жылыой ауданына 18 бірлік арнайы техника мен аудандық ауруханаға 18 млн теңге болатын медициналық жабдықтарды да сыйға тартты.
Бұл Құлсары қаласындағы №16 мектеп. Енді мұнда 40-қа жуық бала күн сайын инклюзияны қолдау кабинеттерінде қатарластары секілді тең дәрежеде білім ала алады. Оқушыларға мұндай мүмкіндікті «Теңізшевройл» компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» қоры бірлесе сыйлап отыр. Бұл кабинет инклюзивті бағытта білім беруге арналған қажетті қондырғылармен толық жабдықталған.
Нұрмұхамед Қартабаев, "Теңізшевройл" компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері:
- Бұл қолдау сапалы білім алуда баршаға тең мүмкіндік береді деп сенеміз. «Теңізшевройл» осы іске өзінің үлесін қосып отырғанына өте риза. Бұл тек жабдықтау ғана емес, ең алдымен балалардың қажетін түсініп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін мамандарды даярлау бағытындағы жоба деп сенемін.
Ерекше балаларға арналған кабинеттер мамандар бірлесе әзірлеген тың авторлық үлгі бойынша жұмыс істейді. Игі бастама бастама Құлсарыдағы 5 мектепте жүзеге асырылады. Бұл жобағы әр тараптан 75 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Диана Хамзина, Құлсары қаласының тұрғыны:
- «Самұрық» пен «Теңізшевройлға» көп-көп рахмет айтамын. Осындай инклюзивный кабинет ашып, көбейтіп жатқанына. Осы бергеннен менің балам кішкене сөйлеп, адам қатарына жайлап қосылып келе жатыр.
Бұдан бөлек «Теңізшевройл» компаниясы «Таза Қазақстан» аясында Жылыой ауданына 18 бірлік арнайы техниканы сыйға тартты. Енді бұл жабдықтар көшелерді тазалауға, су басқан аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарына тартылатын болады. Тағы аудандық ауруханаға да құны 18 млн теңге болатын қажетті жабдықтар берілді. Бұндай игі бастамалар әлі де жалғасын табады, дейді компанияның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.
Риат Шони