Еліміздің білім және ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті

2026 жыл «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы».  

Мемлекет басшысы Қытайдың Орталық Азиямен ынтымағына арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына осылай қолдау білдірген еді. Ендеше елдегі ғылым деңгейі қандай? Соңғы 5 жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция 5 есе өсті. «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» атты кешенді жүйе орнығу үстінде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары құрылып жатыр. Ал жырақта жүрген отандас және этникалық қазақтардың атамекендегі ғылымға жұмылуы қалай? Сең қозғалған. Шетелдегі ғалымдармен түрлі бағытта байланыс бар. 

Жаңарқаның тумасы Аслан Бөлекбай ғылыми жаңалықтарымен жаһанға жақсы таныс. Мұнай инженерінің 12 патенті бар. 10 жылдан аса Біріккен Араб Әмірліктерінде еңбек етеді. Оны кемеліне келіп, тәжірибесі толысқаннан кейін «еліме не берем»,-деген ой мазалаған. 

Қазір төрт тың технологиямен талаптанып жүр. Біздегі экономиканың 70 пайызы қара алтынға қарасты. Ескі қорлары ентігіп жатыр.

Аслан Бөлекбай, PHD, мұнай инженері:

- Оның бастапқы проблемалары ұңғыдағы қысым азайған. Екіншісі судың көбеюі, ол экономикалық ауыртпашылыққа алып келеді. Оны 2 түрмен шешуге болады. Біріншісі субсидия бересіз, салығын азайтасыз. Немесе технологиялық түрмен. Азотпен жер астын жырту. Неге десеңіз азот – инертті газ. Еш нәрсемен байланыспайды және мұнайдың шығуына әсер етеді. Ондай 4 жұмыс істедік Қазақстанда. Біреуін алсақ, қазір біз жасаған ұңғылар дебеті жағынан бүкіл кен орны бойынша ең жоғары көрсеткіш көрсетіп тұрған. 

Сондай-ақ химиялық жолмен суды 68 пайызға төмендету арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткен. Бұл жер астындағы сүзгі іспетті. Мұнайды молынан шығарады. Тағы бір әдісі – тік ұңғыдан көлденең қазылғандай көлемде өнім алу. Технологиялар елдің батыс бөлігіне енгізілген. Қарамандыбас, Өзен және Арыстан кен орындарында кеңінен қолданылып жатыр. Аслан Бөлекбай сынды сан-саладағы саңлақ ғалымдар сыртта көп.

Солардың сырына қанығып, еңбегі мен көмегін елге жеткізіп жүрген профессор Қуаныш Ерғалиев. Ол «100 ғалым» жобасының авторы.

Қуаныш Ерғалиев, Nazarbayev University профессоры, «100 KZ Galym» жобасының авторы:

- Біздің ғалымдарымызды жаһандық деңгейге шығуға көмектеседі. Және оларды өз зертханаларына алып, зерттеу жүргізуге көмектеседі. Және дисСертацияларды жазуға шетелдік жетекші ретінде қатысады. Сондай көптеген мүмкіншілікті пайдаланып, шетелде отырып, Қазақстанның ғылымының дамуына және ғалымдардың ашық халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне үлес қосады деп сенемін.

«100 ғалым жобасы» жүзеге асқан 2 жылда 40-тан астам ғалым жайлы ақпарат жарияланған. Бірсыпырасы елдегі студенттерге жетекшілік те етіп жүр. Бұнымен де тоқтамаған.

Қуаныш Ерғалиев, Nazarbayev University профессоры, «100 KZ Galym» жобасының авторы:

- «Жүз ғалым» жобасы аясында Серік Мейірманов сияқты қазір Жапонияның жетекші жеке университетінде вице-президент болып жұмыс істейді. Германияда Ғаылмжан Исабеков деген бауырларымыз бар. Нейрохирург. Осындай ғалымдармен бірігіп, халықаралық ғылым және технология ассоциациясын құрған болатынбыз. Бұл қауымдастық қазірдің өзінде 250-ден аса жас ғалымдардың басын қосып, біз шетелде ғылыми диаспора құруға ат салысып жатырмыз. 

Бұны жұмсақ күш немесе ғылыми дипломатия деуге толық негіз бар. Кәсіби байланыс шетелдегі этникалық қазақ ғалымдарымен де орнатылған. «Отандас форум» сайтынан олар туралы толық ақпарат табуға болады.

Президент «қазір – инвестиция, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады» деген еді. Сөйтіп, 2026 жылды білім мен зерттеулер жылы деп жариялауды ұсынды. Соған орай келер жылдан бастап жер қойнауын игерушілер табысының 1 пайызы пайдаланылады. Жоғары ғылыми техникалық комиссия қаражатты қажет жобаларға бөледі. Елдегі 27 мыңнан аса ғалым санын 34 мыңға жеткізу жоспарланған. Әлеуметтік жағдайларын жасап, шетелдік тағылымдамалар және жобаларын комерцияландыру қолға алынбақ.

Ренат Елшібеков, «ҒЫЛЫМ ҚОРЫ» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары:

- Көлемі әрбірі 3,5 млрд теңге болатын ғылыми артықшылық және ғылыми зерттеу орталықтарын ашып жатырмыз өңірлердегі университеттерде. Қазіргі таңда 13 ғылыми академиялық орталық ашудамыз. Сондай-ақ ғылыми қалашықтар құру. Келесі жылдан Алматы, Астана, Курчатов қаласында. Экономика мен ғылымды байланыстыру үшін. 

Мемлекеттер технологиясы дамыған озық ел болуға талпынып жатыр. Осы ретте Қазақстан қазба байлығымен ғана емес, қарым-қабілетімен де танылуы тиіс.

Бізді тек қана мұнай-газ деп білмесін, бізді технологиялық дамыған ел деп білсін.

Нысаналы Ығыл, Қанат Махмұтов, Санжар Біргебаев