Елде Оксфордтың зерттеу институты ашылуы мүмкін
Алдағы уақытта төрткүл дүниеге танымал білім ордасының 32 колледжі және 100-ге жуық институтымен бірге ғылыми жобаларды қолға алуға мүмкіндік берілмек.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Астанада тәжірибе алмасу, оқыту, консалтинг, ғылыми жобаларды бірге жүзеге асыруға мүмкіндік береміз. Бұл енді міне, осы 3,5 жылдың ең үлкен нәтижесі. Тұңғыш рет Оксфордтың тарихында! Олар ешқашан шетелге ешқашан шықпаған. Филиал, осындай өкілдіктерді, орталықтарды ашпаған.
Бұдан бөлек, халықаралық Coursera онлайн оқыту платформасымен байланыс тереңдей түседі. Оксфордтың «Саид онлайн» бизнес мектебімен бірлескен жоба аясында жасанды интеллект, технология менеджменті және блокчейн, яғни мәліметтерді желіде тізбектеп сақтау технологиясы салаларындағы соңғы курстар қазақстандық 95 университеттің студенттеріне қолжетімді болмақ.
Кэролайн Уильямс, Oxford Said online атқарушы директоры:
- Біз Қазақстанда нақты нәтиже көрсетуге тырысамыз. Студенттерді білім алу жолында қолдап, аймақтың академиялық базасын толықтыратын түрлі материалдар, қосымша білім, инсайттар және зерттеулер ұсынғымыз келеді. Жұмыстың басталуын асыға күтеміз.
Самғат Ермекбаев, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры:
- Оскфорд университетімен біз бұған дейін көптеген жұмыстар жүзеге асырған болатынбыз. Мынау нақты іс-шаралардың, іс-жобаның біреусі болады деген сенімдеміз.
Кездесуде студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға арналған отандық AI-Sana бағдарламасы аясында ынтымақтастық орнату мәселесі де талқыға түсті. «Болашақ» бағдарламасымен білім алатын қазақстандық ғалымдарды Оксфорд университетіне ғылыми зерттеулер жүргізу үшін тағылымдамаға жіберу тақырыбына да мән берілді.
Қайсар Еркінбаев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Республикалық комиссияның шешімімен жаңа бізде квота қосылды. Ол жасанды интеллект және де атом саласының мамандары. Сондықтан біз осы жылы арнайы бөлінген квота арқылы біз ғылыми тағылымдамаларға жіберетін боламыз.
Оксфорд – іргетасы ХІ ғасырда қаланған ең көне жоғарғы оқу орындарының бірі. Ол – білім ордасы ғана емес, ғылыми-зерттеу университеті де. Соның арқасында университет жыл сайын жаһанның ең озық жоғары оқу орындарының рейтингісінде көш бастап жүр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы