Қазақстанда білім беру саласын цифрландыру күшейтіледі
Қазақстанда Ұлттық білім беру деректер қоры жаңғыртылып, өңірлер бірыңғай білім беру платформасына кезең-кезеңімен қосылады. Сонымен қатар балабақшаларды қаржыландырудың бірыңғай әдістемесін енгізу және мектептерде Face ID жүйесін қолдану мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл мәселелер Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиынға оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Оқу-ағарту министрлігі «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, өңірлерді Ұлттық білім беру платформасына қосу жоспарын әзірледі. Жүйе мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, деректердің нақтылығын арттыруға және бюджет қаражатының жұмсалуын ашық бақылауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру тетігін жетілдіру мәселесі қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысының құнын есептеудің бірыңғай әдістемесін енгізу ұсынылды. Бұл ретте өңірлердегі шығын айырмашылығы мен жергілікті ерекшеліктер ескерілмек.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында Face ID технологиясы арқылы кіруді бақылау жүйелерін жаппай енгізу қажеттігі айтылды. Бұл қауіпсіздікті күшейтіп, оқушылардың сабаққа қатысуын автоматты түрде есепке алуға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге білім беру саласын цифрландыруды жеделдету және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.