Астанада мектеп оқушылары арасында STEM-олимпиада өтіп жатыр

Бас қалада мектеп оқушылары арасында республикалық STEM-олимпиада жарысы өтіп жатыр. Білім бәйгесіне бас-аяғы бес жүзден астам оқушы қатысып, екі кезең бойынша бақ сынасады, деп хабарлайды 24KZ.


Ең алдымен инженерлік-технологиялық тапсырмаларды орындайды. Кейін роботтар айқасында өзара мықтыны анықтайды. Дода биыл оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Алда халықаралық кезең бар. Онда әлемнің он елінен келген жастар сайысқа түседі.

Залқарбек Мұратәлиұлы, Stem Academia компаниясының директоры:

– Кез келген мемлекеттің тірегі – техникалық мамандықтар. Яғни техникалық инженерлер мен өндірістің басты мақсаты – тұрақтылықты қамтамасыз ету. Сол себепті оқушыларды жастайынан техникалық бағытқа баулып, осы салаға қызығушылығын арттырсақ, ертеңгі күні мемлекетіміз өркендейді деп сенемін. STEM бағытының дамып келе жатқанының бір белгісі – оған қатысатын оқушылар санының жыл сайын артуы. Қазіргі таңда 500 оқушы қатысып жатса, халықаралық деңгейде бұл көрсеткіш 800-ге жетпек.

Сондай-ақ оқыңыз: