Үздік ұстаздар ұлықталды
Қазақстандық педагогтер әлемдік деңгейде мойындалды. Дубайда «Global Teacher Prize» жүлдесіне үміткер үздік мұғалімдерді ұлықтау рәсімі өтті.
Салтанатты кешке елімізден үш ұстаз қатысты. Солардың бірі – Алматы қаласындағы нөмірі 95-ші мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова. Ол өткен оқу жылының қорытындысы бойынша әлемдегі үздік педагогтар қатарына енді. 41 жылдан бері осы салада табанды еңбек етіп келе жатқан ұстаз мектеп қабырғасында жүріп-ақ арнайы оқулықтар әзірледі. Химия пәнінен орыс және ағылшын тілінде білім беретін онлайн платформа жобасын жүзеге асырды. Қазір жоба 100-ден астам мемлекетте қолданылады.
Айта кетейік, мәртебелі байқауға әлемнің 130 елінен мыңдаған өтінім түскен. Нәтижесінде білім беру саласына қосқан үлесі мен жоғары кәсібилігі үшін 50 мұғалім іріктеліп алынды. Биылғы жеңімпаздың есімі ертең анықталады және бас жүлдеге 1 миллион доллар беріледі. Жалпы «Global Teacher Prize» сыйлығы 2019 жылдан бері тағайындалатын сыйлық. Бұған дейін үздік 50 педагогтың қатарына екі отандасымыз, атап айтқанда семейлік Асхат Жұмабеков пен алматылық Айгүл Ишанғалиева енген. Олар саланың дамуына қосқан үлесі үшін жоғары құрметке ие болып, Дубайдағы салтанатты кешке шақырылды.
Татьяна Белоусова, Алматыдағы №95 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі:
- Біз дайындаған онлайн білім беру жобасы үлкен табысқа жетті. Қазір әлемнің 113 елі игілігін көріп отыр. Бұл мені қуантады. Өйткені мұғалім ретіндегі шаруам тек өз мектебім немесе сыныбым аясында шектеліп қалмай, халықаралық деңгейге шықты. Әлемдегі үздік 50 мұғалімінің қатарына енуім мен үшін үлкен абырой. Мұны еңбегімнің заңды нәтижесі деп білемін. Осымен шын мәнінде мақтанамын. Одан бөлек, мені қуантқан тағы бір жайт, ол – ел Президентінің жеке құттықтауы. Бұл нағыз тосынсый болды. Ол үшін алғысым шексіз.