Әлеуметтік желілердегі жаңалықтардың тілдік суггестиясы

depositphotos.com

Қазіргі заманғы коммуникациялық кеңістіктің басты сипаты – ақпараттың шексіз қолжетімділігі мен оның таралу жылдамдығының артуы.

Әлеуметтік желілер жаңалық таратуда дәстүрлі БАҚ-тың қызметін толықтырып қана қоймай, кей жағдайда оларды алмастырып отыр. Бұл үдеріс тілдің тек ақпарат жеткізу құралы ретіндегі қызметін ғана емес, оның ықпал ету, сендіру және бағыттау функцияларын да күшейтті.

Әлеуметтік желілерде таралатын жаңалықтар адресатқа қысқа, ықшам әрі эмоциялық тұрғыдан әсерлі формада ұсынылады. Мұндай мәтіндерде фактілерді бейтарап баяндаудан гөрі бағалауыш, экспрессивті және прагматикалық элементтердің басымдығы байқалады. Нәтижесінде медиамәтін қоғамдық пікір қалыптастырудың қуатты тетігіне айналып, аудиторияның санасына тікелей емес, жанама түрде ықпал етуге мүмкіндік береді.

Интернет-коммуникациядағы осындай ықпал ету механизмдерінің бірі - суггестия. Суггестия адамның ақпаратты қабылдау үдерісінде сыни ойлау деңгейінің төмендеуімен, эмоцияға бейімділіктің артуымен және ұсынылған мазмұнды бейсаналы түрде қабылдауымен байланысты. Ақпараттың үздіксіз ағымы жағдайында суггестия арқылы меңгерілген көзқарастарды түзету немесе өзгерту қиынға соғады. Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі жаңалықтардың тілдік ұйымдасуын, ондағы суггестивті тәсілдерді ғылыми тұрғыдан талдау өзекті мәселе болып табылады.

Қазақстандық интернет-кеңістікте соңғы жылдары әлеуметтік желілер арқылы таралатын жаңалықтарда бағалауыштық пен эмоциялық реңктің күшеюі, белгілі бір идеяны немесе көзқарасты қалыптастыруға бағытталған жасырын ықпал ету тәсілдерінің жиі қолданылуы байқалады. Бұл жағдай медиалингвистика, прагмалингвистика және ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан жан-жақты зерттеуді талап етеді.

Прагмалингвистика тілдік бірліктердің нақты коммуникативтік жағдаяттағы қызметін, сөйлеушінің интенциясын және адресаттың қабылдау ерекшеліктерін зерттейді. Осы тұрғыдан алғанда суггестия прагмалингвистикалық ықпал етудің маңызды механизмі болып табылады. Медиамәтіндегі суггестия автордың коммуникативтік ниетін тікелей білдірмей, оны имплицитті деңгейде жүзеге асырады.

Интернет-коммуникация дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен салыстырғанда интерактивтілігімен, көпарналығымен және адресатпен тікелей байланыс орнату мүмкіндігімен ерекшеленеді. Әлеуметтік желілерде аудитория тек қабылдаушы ғана емес, сонымен қатар контентті таратуға және қайта интерпретациялауға белсенді қатысушы ретінде көрінеді. Сонымен қатар ондағы жаңалықтар көбіне қысқа, экспрессивті, визуалды элементтермен үйлескен формада беріледі. Мұндай құрылым әсерін күшейтіп, әрі суггестиялық ықпалдың ауқымын кеңейтеді.

Ғылыми әдебиеттерде суггестия мен манипуляция ұғымдары жиі қатар қолданылады. Алайда бұл екі құбылыстың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Манипуляция көбіне адресаттың мүддесіне қайшы, жасырын мақсатты көздейтін ықпал ету формасы ретінде қарастырылады. Ал суггестия міндетті түрде теріс мақсатты көздемеуі мүмкін, ол ақпаратты қабылдауды жеңілдету немесе белгілі бір идеяны жұмсақ түрде ұсыну қызметін де атқара алады. Сонымен бірге әлеуметтік желілердегі жаңалық мәтіндерінде суггестияның агрессивті формалары да кездеседі. Мұндай жағдайда суггестия манипуляцияға жақындай түсіп, аудиторияны қорқыту, кінә жүктеу немесе әлеуметтік қысым көрсету арқылы әсер етеді.

Instagram платформасы визуалды контенттің басымдығымен ерекшеленеді. Мұнда мәтін көбіне қысқа, эмоциялық тұрғыдан әсерлі және визуалды бейнемен тығыз байланыста ұсынылады. Бұл жағдай тілдік суггестияның тиімді жүзеге асуына қолайлы орта қалыптастырады. Мысалы, «Президенттің бастамасымен елімізде тағы бір маңызды әлеуметтік жоба іске қосылды». Бұл сөйлемде «Президенттің бастамасымен», «маңызды әлеуметтік жоба» сияқты бағалауыш тіркестер қолданылған. Аталған лексемалар ақпараттың мазмұнын бейтарап жеткізуден гөрі, оны оң бағалау арқылы ұсынуға бағытталған. Суггестиялық әсер билік фигурасына сілтеме жасау арқылы жүзеге асып, адресат санасында «дұрыс әрі қажетті шешім» деген көзқарас қалыптастырады. «Бұл - ел болашағы үшін жасалған шешуші қадам» деген сөйлемде «шешуші қадам», «ел болашағы» сияқты экспрессивті-бағалауыш сөздер қолданылған. Мұндай құрылымдар адресаттың эмоциялық қабылдауына әсер етіп, ұсынылған ақпараттың маңыздылығын күшейтеді. Прагмалингвистикалық тұрғыдан бұл суггестияның эмоционалды-интенсификациялық тәсілі болып табылады. 

Facebook платформасында жаңалық мәтіндері көбіне кеңейтілген сипатта беріледі және пікірталасқа ұласу мүмкіндігі жоғары. Бұл жағдай суггестияның тек мәтін арқылы ғана емес, оқырмандардың өзара коммуникациясы арқылы да таралуына ықпал етеді. Мысалы,  «Уәде көп, нәтиже жоқ. Халық тағы да күтуге мәжбүр». Мұнда антонимдік оппозиция («уәде» - «нәтиже») арқылы қоғамдық құбылысқа сыни көзқарас ұсынылады. Автор тікелей айыптау жасамай, контраст арқылы адресаттың сыни ойлауын белгілі бір бағытқа жетелейді. Мұндай құрылым суггестияның ирониялық-сыншыл формасына жатады. Сол сияқты «Бүгін үндемесек - ертең кеш болады» деген сөйлем шартты құрылым арқылы қорқыту элементін қамтиды. Мұнда адресатқа әлеуметтік жауапкершілік жүктеліп, әрекетсіздік теріс нәтиже береді деген ой имплицит түрде ұсынылады. Бұл суггестияның агрессивті формасына тән.

Telegram платформасы жаңалықтарды жедел таратуымен және анонимділік деңгейінің жоғары болуымен ерекшеленеді. Мұнда суггестиялық ықпал көбіне қысқа, бірақ семантикалық тұрғыдан тығыз мәтіндер арқылы жүзеге асады. Мысалы, «Бұл шешім халық мүддесіне қарсы қабылданды». Бұл жерде бағалауыш пікір факт ретінде ұсынылады. «Халық мүддесіне қарсы» деген тіркес адресаттың эмоциялық реакциясын тудырып, ақпаратты тексермей қабылдауға итермелейді. Мұнда суггестия бағалау мен сендіру арқылы жүзеге асады.      

Қазіргі интернет-коммуникацияда ақпарат тек хабарлау функциясын ғана атқармай, сонымен қатар қоғамдық санаға ықпал ету мен бағалауды қалыптастыру қызметін де жүзеге асырады. Бұл үдерісте суггестия адресаттың сыни ойлау қабілетін айналып өтіп, эмоциялық, бағалауыш және имплицитті тілдік тәсілдер арқылы әсер етуімен ерекшеленеді. Жалпы әлеуметтік желілердегі жаңалықтардың берілу жолындағы тілдік суггестия қазіргі медиалингвистиканың, прагмалингвистиканың және медиабілімнің өзекті зерттеу нысаны болып табылады. Бұл құбылысты кешенді түрде зерттеу қоғамдағы ақпараттық ықпал механизмдерін терең түсінуге және коммуникациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негіз болады.

Авторы: Ж.О. Мазибаева, PhD, «Хабар» Агенттігі ИЖД Бас редакторы