Алматы облысында «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының өңірлік кезеңі аяқталды
Алматы облысында «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысының өңірлік кезеңі аяқталды.
Аталған жоба мектеп оқушыларының бойындағы білім мен көшбасшылық қасиетті дамытуға арналған. Іріктеу кезеңіне облыстың барлық ауданынан 36 оқушы қатысты. Нәтижесінде 5 жеңімпаз анықталып, республикалық байқауда облыс намысын қорғауға жолдама алды.
«XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысының аудандық кезеңінде 36 оқушы жеңімпаз атанған. Есік қаласында өткен байқаудың өңірлік кезеңіне қатысушылар логикалық және жалпы білім беру саласына қатысты 60 сұраққа жауап берді.
Қарлығаш Еламанқызы, оқушы:
- Дайындық жақсы болғаннан кейін иә жеңеміз деп келдік. Алдыңғы жылғы видеотүсірілімдер, солардың барлығын біз қарап шықтық. Жанымда өзімнің досым бар, сыныптасым, сол екеуіміз қарап, талдап, дайындалдық.
Рамазан Болат, оқушы:
- «Хабар» арнасынан алдыңғы жылы болған «XXI ғасыр көшбасшы» бағдарламаларын көрдім, сол сұрақтарға қарап дайындалдым. Былай осыған дайындық жақсы, дайындалып келдім ағаймен, настрой жеңеміз деп келдік. Жарысқа бәрі жеңемін деп келеді ғой.
60 сұрақтан тұратын тапсырманы орындау үшін әр оқушыға 75 минут берілді. Қазылар алқасы 5 қатысушының жұмысын үздік деп таныды. Осылайша Іле, Талғар, Жамбыл, Қарасай ауданының оқушылары жеңімпаз атанды.
Дәурен Асылхан, оқушы:
- Менің ойымша, «XXI ғасыр көшбасшысы» деген осындай атауға лайық адам, міндетті түрде көшбасшы болуы керек. Яғни ол жан-жақты білім алуы керек. Оның әлемді тануы, яғни кругозоры өте кең болуы керек. Ол тек бір бағыт бойынша ғана емес, көптеген мектеп пәндерінен бөлек те тақырыптарды дұрыс, толықтай меңгерген болуы керек.
«XXI ғасыр көшбасшысы» сайысы оқушылар үшін маңызды зияткерлік алаң болып қала бермек. Жоба қала мен ауылды аймақтардағы дарынды оқушыларды анықтап, одан ары дамыту үшін аса қажет.
Әлиям Молотова, орта және инклюзивті білім беруді дамыту бөлімінің басшысы:
- ҚР оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» телеарнасының бірлесіп ұйымдастыруымен бүгін «XXI ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалдық ойыны 11-сынып оқушылары арасында өтіп жатыр. Негізгі бұл шараның мақсаты – дарынды балаларға қолдау көрсету, көсбасшыларды анықтау, олардың қабілетін келешекте дамыту, себебі, осы балалар біздің болашағымыз.
Облыстық байқауда жеңімпаз атанған 5 оқушы «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының республикалық кезеңінде бақ сынайды. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан бұл жоба жаңа есемдер мен жас зияткерлерді халыққа танытып, білім мен ғылымды насихаттау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов