Инклюзивті білім беруді дамыту
Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып келеді. Облыс орталығында арнайы мектепке қосымша ғимарат салынды.
Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге арналған 300 орындық балабақша бой көтеріп жатыр. Жаңа нысан қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылады.
Облыстық арнайы мектепте 312 оқушы білім алады. Тағы 120 бала оқу орнына қабылдану үшін кезекте тұр. Осыған байланысты мектепке қосымша ғимарат салынды. Жаңа бөлім бастауышқа арналған 15 сыныпқа және мектепалды даярлықтың 2 сыныбына есептелген.
Ләззат Баймұқанова, Облыстық арнайы мектеп директорының орынбасары:
- Сыныптағы балалар саны 10-12-ден аспауы керек. Ал орташа ақыл-ой кемістігі бар балалар саны 6-8 баладан аспауы қажет. Орташа есеппен айтқанда 1-2 баладан артық отыр. Осыған орай бізде қажеттілік туындап тұр.
Қалада бірнеше ай бұрын ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған арнайы балабақша ашылған. Қазір мұнда 136 бала келеді. Бүлдіршіндермен тәрбиешілер, логопедтер және дефектолог мамандар тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.
Айнұр Ізатова, балабақша меңгерушісі:
- Балалар ПМПК-ның қорытындысы негізінде қабылданады. Сонымен қатар психикалық дамуы тежелген балалар және сөйлеу тілінде бұзылыстары бар. Осы екі диагнозбен балалар қабылданады.
Мұндай мекемелерге сұраныс әлі де жоғары. Қазірдің өзінде кезекте шамамен 500 бала бар. Сондықтан Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған тағы бір жаңа балабақша салынып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға қайтарылған активтерден шамамен 8 млрд теңге бөлінген.
Аслан Жарасбаев, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Гүл тәрізді салынып жатыр бұл жерде тірек бөлігі, көзінің мүкістігі бар және құлағы естімейтін деген сияқты, әрбір өзінің ерекшеліктеріне байланысты өз алдарына корпус болады. Бұл бес корпустан тұратын шамамен 6000 шаршы метрді құрайтын нысан. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 45 пайызды құрап тұр.
Әлеуметтік нысан жыл соңында ашылуы тиіс. Балабақша және емдік-сауықтыру мекемесі ретінде қызмет ететін орталықты Есет батыр шағын ауданының тұрғындары көптен бері күтіп жүр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев