Фарабитану ғылымы жүйелі еңбекпен толықты

Ұлы ойшыл, философ Әл-Фарабидің мұрасы қазір де өзекті.

Оның ілімі адам, қоғам, әділет, білім және парасат туралы сұрақтарға терең жауап береді, дейді ғалымдар. Жақында жарық көрген  «Фарабитану» 20 томдығы өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра зерттеп, фарабитану ғылымын жаңа деңгейге көтерді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен басталған жаңа жинақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми мұрасы жүйелі түрде қамтылған алғашқы көп томдық. Белгілі ғалым Жақыпбек Алтаевтың жетекшілігімен жарыққа шыққан тарихи туындыда Х-ХІ ғасырдан бастап бүгінге дейін ұлы ойшылдың мұрасын зерттеген зерттеушілердің еңбектері жинақталған. Мұнда қазақ, орыс, ағылшын, түрік және өзге де тілдердегі тың шығармалар қамтылған. Кітапта Әл-Фарабидің өмірбаянына қатысты жаңа деректер де бар.

Жақыпбек Алтаев, философия ғылымдарының докторы, профессор:

- Фараби өзінің өмірбаяны туралы өте мәліметтер аз ол кісінің, жазбаған. Сондықтан да біз сол өзінің замандастары Х-ХІ  ғасырдағы өзінен кейін өмір сүрген Әбу Әли Ибн Сина,  Ибн Халиқан және тағы да басқа орта ғасыр мұсылман ойшылдарының еңбектерін араб тілінде сол кезде жазған Фараби туралы өмірбаяндары, соларды мүмкіндігінше осы жиырма томдықтың бірінші томында енгізуге тырыстық. 

«Ұлы ойшылдың адамгершілік пен әділетті қоғам туралы терең ойлары бүгінгі күні де өзекті», - дейді Жақыпбек Алтаев. «Фарабитану» көптомдығын жинақтауға жас ғалымдар Әсет Құранбек, Қанат Алтынбек үлес қосты. Оқырмандар 20 томдықпен Алматыдағы Ұлттық кітапханада таныса алады. Құнды еңбек кітапханадағы Әл-Фараби орталығында қолжетімді. Енді зерттеушілер әлемнің екінші ұстазы туралы еңбектерді бір жерден оңай таба алады. 

Қанат Алтынбек, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы:

- Бұл жиырма томдықтың басты жаңалығы бұл жерде фарабитану библиографиясы жасалды. Әрине бұған дейін Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов жасады библиографиясын. Одан кейін қазақтың қабырғалы психолог-ғалымы Құбығұл Жарықбаев жасады және де соңғы осы Жақыпбек Алтайұлының бастамасымен  Ұлттық кітапхананың қолдауымен  фарабитанудың библиографиясы жасалды.

«Фарабитану» көптомдығы ғылыми қауымдастықтың жоғары бағасын алып үлгерді. Бұл еңбек ұлы ойшылдың мұрасын жүйелі түрде зерделеуге, ұлттық философиялық мектептің қалыптасуына және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосатыны сөзсіз. 

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев