Отандық ғалымдар өсімдіктен сүт алуға болатынын дәлелдеді
Дастарқаннан сүт үзілмесін десеңіз, сиырыңыз болуы шарт емес.
Сиыр саумай-ақ та сүт, қаймақ алуға болады. Сауындық ірі қара жем-шөпті қорытып сүтке айналдырып береді. Ол белгілі. Онсыз, яғни жайылмаса, жем-шөп жемесе ағарған тамызбайды.
Ал отандық ғалымдар енді сиырсыз сүт саууға болатынын дәлелдеп отыр. Ол үшін сиырды жем-шөп беріп күтіп жүрмей-ақ, сол өсімдіктің өзінен сүт алып жатыр. Бұл өнім, яғни өсімдіктен сауылған сүт көп ұзамай сіз бен біздің дастарханымызда тұратын болады.
Жануар сүті дәруменге толы. Алайда құрамындағы лактозаға аллергиясы бар адамдар аз емес. Сондықтан өсімдіктен алынған өнім олар үшін таптырмас сусын, дейді мамандар. Гүлназым Оспанқұлова бидай, арпа, күріш, амарант сияқты дәнді-дақылдардан сүт өндіру жобасын қолға алды. Өндіріске биотехнологиялық әдістеме қолданылады.
Гүлназым Оспанқұлова, жоба авторы:
- Бидай алынады, ұнтақталады. Содан кейін оған су қосылып, жоғары температурада ферменттер қосылады. Ферменттер гидролиз деген процесте жүргізіледі. Ол кезде көмірсулар, полисахаридтер, крахмал, содан кейін ақуыздар, майлардың бәрі ыдырайды. Сол кезде высокопитательный болып шығады.
Өсімдіктен сүт өндіру оңайға түспегенмен, қысы-жазы мал бағып, сиыр сауғаннан әлдеқайда жеңіл. Оның үстіне мол шығынды да талап ете қоймайды. Айталық, қыста ірі қара 2 тонна шөп жейді. Сүт сауам десең кемі 4-5 қап жем жеуі керек. Суғарып, жемін беріп, астын тазалап отыру міндетің. Жазда бақташыға ақша төлейсің. Қора-қопсыңды жаңартып отыру да маңызды. Ветеринарлық қызметі тағы бар. Қып-қызыл шығын.
Батырбек Қошқарбаев, фермер:
- Қыста жылқы сияқты тебіндеп жүре алмайды. Сондықтан қыста бір күндік тамағын есептесек, шамамен 5-10 кг шөп жесін, тоқ болып тұру үшін 4-5 кг жем жегеннің өзінде күніне 1000-1500 тг қажет. Айына есептесеңіз, 45 мың тг. Сонда қорада тұрған кезінде сиыр бір қыста өзінің жарты құнын жеп қояды деп есептеуге болады.
Сиыр табиғи сүзгі іспеттес. Жеген жемшөбін қорытып, кейін сүт шығарады. Ал ғалымдардың зертханасы дәл сол ірі қараны алмастырады, бірақ сапасы жағынан әзірге толық балама бола алмайды. Дегенмен өзіне тән артық тұстары бар.
Гүлназым Оспанқұлова, жоба авторы:
- Мысалы, амаранттан алынған сусынға біздер зерттеулер өткіздік. Тышқандарға берілді. Содан кейін іш құрылысына қалай әсер еткенін зерттеген кезде көрсетті, жануардың ағзасына пайдалы екенін және кейбір ауруларды емдейтіні белгілі болды.
Өсімдік сүті шетелде өндіріледі. Ал Қазақстанда алғаш рет қолға алынды. Жобаға Ғылым қорынан қаржылай қолдау көрсетілген. Енді Ақмола облысында зауыт ашу жоспарланып отыр.
Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап