Конституция жобасы: білім мен ғылым

Қостанайда Конституция жобасындағы ғылым мен білімге қатысты жаңашылдықтар талқыланды. 

Жиынға қатысушылардың пікірінше, ұсынылып отырған конституциялық нормалар елдің ғылыми және білім беру егемендігін нығайтуға ықпал етеді. Зияткерлік, инновациялық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.

Ел тарихында тұңғыш рет Конституцияда ғылым мен инновация мемлекеттік саясаттың  стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Бұл нені білдіреді? Зерттеу жұмыстарын тұрақты қаржыландыру тетіктері пайда болады. «Ғылыми ұйымдардың мәртебесі өсіп, бәсекелестік қабылеті артады», - дейді сала мамандары.

Гүлжамал Мұқашева, заң ғылымдарының магистрі:

-  Қазіргі кезде қоғамда ғылым мен білімге назар аударылып отыр. Оған Контитуциялық түрде мәртебе беріліп отыр. Қаржыландыру тетіктері жақсарады деп күтеміз білімге деген.

Негізгі заң жобасындағы тағы бір тың жаңалық  білім беру мен ғылыми ұйымдарға академиялық еркіндік берілуі. Бұл өзгерісті ғалым-педагогтар қауымы қуана қабылдады.

Айдын Сәбитов, Рудный индустриялық университетінің проректоры:

- Жалпы академиялық қауымдастыққа бірінші кезекте академиялық еркіндік керек. Олардың құқықтары қорғалуы керек.Ол жерде зияткерлік бағытта да заңдар бар. Конституциялық деңгейде нормалар еңгізіліп жатыр. Университет қауымына, білім қауымына, ғалымдарға менің ойымша, ол жаңа бір серпіліс береді.

Елдің саяси жүйесінің жаңғыртылуы жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді. Себебі Құрылтайда ел сенімін арқалағасы келген азаматтар белгілі бір ортада өзін таныта білуі қажет.

Дмитрий Легкий А. Байтұрсынұлы атындағы қөу профессоры:

- Бір палаталы Парламентке көшу және сайлаудың партиялық жүйесі саяси жауапкершілікті арттырады. Жастар осы жаңа жүйеге, бәсекеге дайын болу керек. Біздің мақсатымыз – оларға конституциялық реформа ел қажеттілігінен туындаған өзгеріс екенін түсіндіру.

Жиын барысында ғалым-педагогтар көпшілікті алдағы наурыздың 15-де болатын жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг