Мектеп тағамы: сапа мен стандарт үйлесімі

Қазақстандық оқушылар мектеп асханасындағы тамақты «дәмсіз» деп, оны қоқысқа төгіп жатыр.

Бұған Мәжіліс депутаттары өңірлерге жасаған жұмыс сапарында куә болған. Олар астың дәмсіздігіне жаңа тамақтану стандарты себеп болуы мүмкін дейді.

- Мына котлет түсініксіз, қандай фарш қосқан? Осыны тексеруге бола ма? Өте дәмсіз өйткені. Мынау қандай салат екені түсінкісіз, я тұзы жоқ, қант қосамыз дейді, қанты да жоқ.

Бұл ата-ананың тикток желісіне былтыр салған әуесқой түсірілімі. Видеодан оның мектеп асханасындағы тағамға қатысты пікірін естуге болады. Бұдан бері мектептер тамақтанудың жаңа стандартына көшкен. Алайда сапа жақсарды ма? Осыны анықтау үшін  Мәжіліс дептутаты Екатерина Смолякова бірқатар өңірдегі білім ошақтарының асханасын бағамдады. Нәтижесінде жаңа стандартпен жұмыс жүргізу қиынға соққаны анықталды. Себебі бір баланың асына 600 бен бір мың теңге аралығында қаржы бөлінген. Бұл баға тамақ сапасына да әсер етіп отыр. Яғни аспаздар үнемдейміз деп, сүт қосатын жерге құрамында сүті бар өнім қосуға мәжбүр, дейді депутат.

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз тамақтың дәмін көрдік. Мысалы аты шулы ленивые голубцы жеп көрдік. Шын мәнінде, статистика бойынша, нақты осы тағамды балалар жемейді. Соның желінбегенін мен өз көзіммен көрдім. 80 пайызы кәдімгідей дастарханнан жинап алынып, шелекке тасталынып жатты. Бұл дегеніміз бөлінген 192 миллиардты шелекке тастап жатырмыз деген сөз.

Мемлекет бюджетті тиісінше бөледі. Бірақ жыл басында асхана шығынын есептеген әкімдіктер, тек азық-түлік бағасын санап, кәсіпкерлердің өзге төлемдерін елемеген.

Мәселен, асхананың жал құны назарға алынбаған, деді депутат.

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Енді біз кәсіпкерді сонда арзан өнімді алуға мәжбүрлеп, итермелеп жатырмыз ғой.  Жаңағы 700 теңгеге сыйдыру үшін май емес, спрет алады деген сияқты. Ірімшіктің орнына сырный продукт алады, сүт емес молочный продукт алады. Яғни арзанырақ өнімге жүгінеді амалсыздан. Одан кейін тамақ дәмсіз болады.

Альмира Оразбай, тілші:

- Бұл мектеп асханасындағы стандартты түскі ас. Мына тәрелкелерде мемлекет бөлген бюджет, аспаздың еңбегі, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен стандарт бар. Алайда бір ғана нәрсе жетіспейді, ол баланың тәбеті.

Осылайша біз бас қаладағы мектептерді зерттедік. Мәселен, мына номері 58 мектеп-гимназиясы асханасының сыйымдылығы 180 балаға шақталған. Онда оқушылар 2 ауысымға бөлініп ас ішеді.

Әлия Әзербаева, І. Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы асханасының меңгерушісі:

- Бүгін бірінші ауысымдағы бірінші және төртінші сынып аралығындағы балаларға таңғы ас дайын. Оларға тары ботқасын, тәтті тоқаш, нан мен май және компот беріледі. Ал екінші ауысымдағы оқушылардың түскі асына сиыр еті қосылған палау, нан, сәбіз салаты және компот кіреді. Бәрін бекітілген стандарт бойынша өлшеп дайындаймыз. 

Бұл мектептің оқушылары ас мәзірінде балық өнімдерінің болғанына қарсы. Сондай-ақ компоттың орнына дүкендегі тәтті сусынды тұтынғымыз келеді, дейді.

Ақмоншақ Нұғман, І. Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры:

- Балалардың тамақ ішкенін бақылаймын, тәбеттерін. Енді мысалы балыққа келген кезде болды, балықтың пісіруіне байланысты. Мұны қарастырды. Қазіргі таңда балыққа талап өзгергеніне байланысты жақсы желінеді. Әсіресе жоғары сынып балалары тәтті сусындарды неге қайтармайды, біз сырттан бәрі бір оны ішеміз деп көп айтады. Бірақ біз түсіндіру жұмыстарын әлі күнге жасап келе жатырмыз, тәтті сусынның пайдасыз екенін, құрамында қанттың көп екенін. Апай, сосискамен жасалатын тағамдар тәтті сусындар бұрынғыдай қайтарайықшы деп сұраныс береді. бірақ біз балаларға түсіндіру жұмысын жасап жатырмыз.

Бала денсаулығы – басты байлық. Мұны қазіргі стандарт дәлелдеп отыр. Бірақ «пайдалы» деген сөз «дәмсіз» деген сөзбен синоним болмауға тиіс. Енді депутаттар әкімдіктерден кеткен олқылықты түзеп, аспаздарға тағам дайындаудың жаңа технологиясын қарастыруды ұсынады. Себебі бала тағамды жемесе, оның пайдасынан не қайыр?

Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев, Ырыстанбек Оспанов