Білім беру ұйымдары ескертусіз тексеріледі

Елдегі балабақшалар мен мектептер алдын ала ескертусіз тексеріледі.

Жаңа норма бірінші ақпанда күшіне енді. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне, білім беру және тамақ сапасына басымдық берілді. Бақылау шаралары жоғары және төмен санатқа бөлінген. Алғашқысы – жарты жыл сайын, ал кейінгісі жылына 1 рет жүргізіледі. Ата-аналардың хабардар болуы үшін тексеріліп жатқан ұйымдардың тізімі ашық жарияланатын болады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына бастапқыда анықталған кемшіліктер үшін айыппұл салынбайды. Яғни олар олқылықты бірден жоюға міндеттеліп отыр.

Аяулым Тасқынғали, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Бұрын мысалы тексеру алдында алдын ала объектіге хабарланатын болған. Яғни жоспарлы тексеру кезінде 30 күн бұрын, ал жоспардан тыс тексеру кезінде 1 күн бұрын міндетті түрде заң бойынша хабарланатын. Ал қазір ол алдын ала хабарландыру алынып тасталды. Яғни балалар болатын объектілердегі жағдайда объективті түрде бағалау үшін кенеттен барып тексеру жүзеге асырылуда. Бұл негізінен тексерулер профилактикалық бағытта, айыппұл салуды көздемейді. Барып тексеріп санитариялық талаптардың бұзушылығы анықталса, оларды жою бойынша нұсқама беріледі субъектіге және белгілі бір мерзім беріледі.

Елде оқушыларға берілетін астың қауіпсіздігі мен құнарлығын қадағалайтын «Мектептік тамақтану кәсіпорындары қауымдастығы» бар. Бұл ұйым мектеп асханаларын жалға алушылардың, тағам өнімдерін жеткізушілердің және диетологтардың жұмысын өз бақылауында ұстайды.

Қарлығаш Атайбекова, мектептік тамақтану кәсіпорындары қауымдастығының өкілі:

- Біздің қауымдастық атынан біз ескертусіз барамыз. Ол не үшін екенін айтайын, ол біздің өзімізге қай жерде қандай кәсіпкер дұрыс емес қызмет атқарып жатқаны есеп үшін керек. Мысалы, 100 кәсіпкер болатын болса қалада, оның екеуі дұрыс атқармай, аты шығып кететін болса, қалған 98 кәсіпкерге жабылады. Сол үшін біз ондайларды өзіміз реттеп отырамыз.