New York Film Academy: бакалавриат ашылады
Алматы облысында ашылған New York Film Academy филиалы, жаңа оқу жылында бакалавриат бағдарламасы бойынша білім бере бастайды.
Бұл туралы оқу орнының академиялық сұрақтар жөніндегі директоры Дилан Рас-трик мәлімдеді. Әлемге әйгілі америкалық кино мектебі Орталық Азиядағы алғашқы филиалын ашып отыр. Оқу ордасы кино, медиа және креативті индустрия саласына қажетті білікті мамандар даярлайды.
Кино, актерлік шеберлік, 3D анимация мен көрнекі әсер, бейне ойындарды жобалау, сценарий жазу. New York Film Academy филиалы қазір осы мамандықтар бойынша білім беріп жатыр. Оқу орны дәрістің 90 процентін нақты тәжірибе жүзінде оқытады. Қалған 10 пайызы ғана теорияға арналады. Студенттер бірден түсірілімге қатысып, сол арқылы кәсіби дағдысын қалыптастырады.
Дилан Растрик, NҮFA Қазақстан академиялық сұрақтар жөніндегі директоры:
- Қазір бізде 9 оқытушы бар. Барлығы АҚШ-тан келген мамандар. Қазақстанда талантты жастар өте көп. Біз оны көріп, естіп жүрміз. Алдымызға келген жастар білсем, оқысам деп талаптанып тұр. Солардың талантын ұштап, елге танытсақ, жұмыс істеуге мүмкіндік берсек біздің мақсатымыздың орындалғаны. Біз голливудтық талап бойынша оқытамыз. Бұл әлем мойындаған стандарт. Кейін осыннан білім алып шыққандар тек Қазақстаннан емес, шетелден де жұмыс таба алады. Бұл – үлкен мүмкіндік.
Қазір кино академияда 60 студент дәріс алып жатыр. Оқу мерзімі бір жыл. Диплом алған соң түлектер білімін Нью-Йорк немесе Лос-Анджелесте жалғастыра алады.
Елизавета Ен, NYFA Қазақстан студенті:
- Мұғалімдеріміз атақты профессионалдар, мамандар және де бізді үйретіп жатқан кезде үнемі бізді қолдайды, әрдайым бізге мотивация береді. актерлік техника ол кәдімгідей Голливудта қолданылатын техникалар сол үшін әрдайым жаңа техниканы оқыған сайын өз-өзімізге сенеміз. Өзім 7 минуттық фильмге түстім. 5 минуттық фильмге түстім. Барлығы да оқу барысымен өтеміз.
Бұл киноакадемия – елімізде жетекші әлемдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі бастаманың жемісі. Оған қоса, креативті индустрияға серпін береді. Өңірді мәдени әрі технологиялық орталыққа айналдырып, Қазақстан ғана емес, шетелден де дарынды студенттерді тартуға мүмкіндік береді.
Нил Лефлер, NYFA Қазақстан қызметкері:
- Мен телеарнада ұзақ жыл жұмыс істедім. Жаңалықтар телешоу басқа да жобалардың түсіріліміне қатысты біраз тәжірибем бар. Біз студенттерге ең заманауйи техника мен жабдықтарды ұсынып отырмыз. Мәселен, мұндағы камералар, Америкада телешоу түсіретін камералар сияқты. Біз ауқымды жобаларды ұйымдастыру технологиясын меңгертеміз. Байқағаным, қазақстандық студенттер өте тез үйренеді. Олар тіпті қысқаметражды фильмдер сияқты күрделі форматты да тез меңгереді. Соны үйренгенше таңертеңнен кешке дейін осында жүруге дайын.
Академия оқытушыларының айтуынша, қазір Қазақстан кинотеатрларында жүріп жатқан картиналардың 60 проценті отандық. Осыдан 10 жыл бұрын тек комедиялық фильмдер түсірілген болса, қазір жанры сан алуан. Сондықтан, салаға білікті мамандар өте қажет. Осыған орай, академия жаңа оқу жылында бакалавриат бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев