570 мыңнан астам студент ЖИ курсынан өтті

570 мыңнан астам студент ақылды технологияларды толық меңгерді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры мәлімдеді.

Отандық «AI-Sana» бағдарламасы студенттер мен оқытушыларға ақылды жүйелерді өз мамандығында қолдануды үйретеді. Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңінде жасанды интеллекттіні үйренсе екінші кезеңде студенттер Stanford University мамандары әзірлеген онлайн курстардан өтеді. Курсты аяқтағандарға сертификат беріледі. Мәселен, Coursera арқылы шетелдік университеттердің, ал Astana Hub және Huawei арқылы сол ұйымдардың сертификаты табысталады. Бағдарлама аясында бірнеше университетте интеллектуалды зертханалар ашылды. Осылайша, студенттерге университеттік біліммен қатар халықаралық білім бағдарламаларына қолжетімділік беріліп отыр.

Аян Рамазан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры:

- Мемлекет басшысының бастамасымен биыл "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияланды. Осыған байланысты Үкімет арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Қазір Digital Kazakhstan жаңа стратегиясы дайындалып, жақын арада Президенттің бекітуіне ұсынылады. Құжаттың басты мақсаты – алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл ретте жоғары білім беру жүйесіне ерекше міндет жүктеледі. Яғни ел экономикасына жасанды интеллектті меңгерген, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейім білікті мамандар даярлау көзделген.