«Келешек мектептері»: 460 мың оқушыны қамтитын 217 мектеп салынды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен үш жыл бойы іске асқан «Келешек мектептері» жобасы сәтті аяқталды. Оның аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. 

Олардың типтік үлгідегі мектептерге қарағанда көлемі 20-30 пайызға үлкен. Сондай-ақ нысандарда зертхана, Айти-шеберхана, СТЕМ-лаборатория және робототехника кабинеттері бар. Бұған қоса, инклюзия бағытына арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Жалпы оқу ошақтарының 42 пайызы ауылдық жерлерде бой көтерді. Осы арқылы қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын жою көзделген. 

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы:

- Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталғалы жатыр. Қазір 187 мектепте балалар білім алып жатыр. Ал қалған мектептер 3-4 тоқсанда құжаттары рәсімделіп, пайдалануға берілетін болады. «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған 217 мектепке Ұлттық қордан 1,5 трлн қаражат жұмсалды. Ол өз кезегінде балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ететін болады. Мектептер барлық құрал-жабдықпен жабдықталған. Сонымен қатар қорытындылай келе Ұлттық жобаны сәтті аяқталды деуге болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы уақытылы орындалды.