«XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының түсірілімі басталды
«Хабар» арнасында «XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының түсірілімі басталды. Тележоба эфирге шыққалы білімді жастарға жаңа мүмкіндік беретін, бірегей алаңға айналды.
Әсіресе шалғай елді мекендерден шыққан дарынды өрендердің көңілінен шығып отыр. Сайыстың көздегені де осы. Алғыр оқушыларды қолдау.
«XXI ғасыр көшбасшысы» тележобасының шарты бойынша сайысқа 20 өңірден 108 оқушы қатысады. Барлығы да өз өңірінде іріктеуде топ жарып, осында жолдама алған. Үздіктердің қатарында 11-сынып оқушысы Эльнара Молданова да бар. Ол Абай облысының Үржар ауданына қарасты Науалы ауылынан келген. Алғашқы бағдарламаға шыққан өрендердің арасынан үздік деп танылып, келесі кезеңге өтті.
Эльнара Молданова, оқушы:
- 6 баланың яғни үздіктердің арасынан оза шапқаныма өте қуаныштымын. Әртүрлі сұрақтар болды. Дүниежүзі тарихы, Қазақстан тарихы, математика кез келген сұрақтар болды. Маған географияны көп оқу керек екен. Мен соны түсіндім. Келесі турға барынша дайындалып келемін деп ойлаймын.
Ал жезқазғандық Нұрасыл Тұрсынхан ойынға енді кіреді. «Қатарластарымның осалы жоқ. Алайда жарыс болған соң жеңімпаз болуы шарт. «Сондықтан барынша әдемі ойын өрнегін көрсетуге тырысамын», - дейді.
Нұрасыл Тұрсынхан, оқушы:
- Барынша тырысып сұрақтарға мейлінше дұрыс жауап беруге тырысамын. Өзім 11-сынып оқимын жалпы физика-математика бағытын таңдап отырмын. Болашақта математика пәні мұғалімі болуды армандаймын. Ештеңеден қорықпаймын, тайсалмаймын. Сұрақтарға мейлінше дұрыс жауап беремін деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар жақсы дайындалып келген. Мектеп түлектерінің басым бөлігі техникалық, медициналық және IT саласына қатысты мамандықты игергісі келеді. Мұны сауалнама нәтижесі көрсеткен. 108 оқушының 18-і жартылай финалға шығады. Әр ойын сайын біреуі ғана жеңімпаз атанып, келесі сайыс өтеді.
Гүлнар Сүлейменова, продюсер:
- 18 бала үш бағдарламаға түседі. Яғни 6-6-дан өзара сайысқа түседі. Сол 6 баладан әр бағдарламадан екіден финалға шығады. Сол финалда 6 бала мемлекеттік грантқа жоғары оқу орнына таласатын болады. Үш оқушы мемлекеттік грантқа ие болса, қалған үш оқушы ынталандыру сыйлықтарын алады. Яғни ақшалай сыйлықтар алады.
«XXI ғасыр көшбасшысының» 22 саны түсіріледі. Алғашқысы «Хабар» телеарнасынан 28 наурызда эфирге шығады. Тележобаға Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері қолдау көрсетіп отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов