Алматыда Қазақстан мен Әзербайжан ректорларының форумы өтті

Алдағы үш жылда Қазақстанда оқитын шетелдік студенттердің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматыда өткен Қазақстан мен Әзербайжан ректорларының екінші форумында айтылды.

Іс-шарада екі ел арасындағы жоғары білім беру жүйесін дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. 

Форум Алматыдағы Arizona State University қолдауымен ашылған Innotech жаңа кампусында өтті. Жиынға екі елдің үздік жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Кездесуде Қазақстан мен Әзербайжан министрлері 60-қа жуық келісім-шартқа қол қойды. 

Эмин Амруллаев, Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі:

- Бірнеше ай бұрын біз Бакуде осындай іс-шара өткіздік, онда Қазақстан университеттерін қабылдадық. Ал бұл жолы Қазақстанға Әзербайжанның бірнеше университеті келіп отыр. Біз бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы достықтың қазіргі деңгейіне толық сай келеді деп есептейміз. Негізгі мақсат – халықаралық әріптестікті дамыту. 

Іс-шара Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде жалғасты. Мұнда Әзербайжан елінің білім беру бағдарламаларына арналған көрме ашылды. Жәрмеңке 8 сәуірге дейін жалғасады. Әзербайжан тарапына қазақстандық университеттердің мүмкіндіктері таныстырылды.      

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Президенттің тапсырмасымен қазіргі таңда Study in Kazakhstan деген үлкен компания жүргізіліп жатыр. Яғни мақсатымыз Қазақстанды үлкен өңірлік хабқа айналдыру. Академиялық хабқа. Қазақстанда 33 үлкен мықты филиал ашылды. Бір 40-қа жуық стратегиялық келісім-шарттарға қол қойылды. Биылдың өзінде бес үлкен кампус ашылатын болады.

Қазір елімізде 35 мыңнан астам шетелдік студент бар. Оның ішінде Әзербайжан, Монғолия, Қытай және бірқатар Африка мемлекеттерінен білім алушылар кездеседі. Министрлік бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев