Ыстамбұлда қазақ археологының мұрасы ұлықталды

Ыстамбұлда қазақ ғылымының көрнекті өкілі, археолог, профессор Айман Досымбаеваның мұрасына арналған халықаралық ғылыми-мәдени іс-шара өтті. 

Мазмұнды жиында Жайсан мен Мерке ескерткіштері арқылы түркі өркениетінің тарихы мен бай мұрасы таныстырылды. Ғалымның археологиялық еңбегі түрік тілінде көпшілікке жол тартты.

Халықаралық шара Мимар Синан өнер университетінде өтті. Ғылыми жиынды Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы және Түркі тарихы мен мәдениет қоры бірлесіп ұйымдастырды. Басқосуда ғалымдар мен тарихшылар түркі өркениетінің археологиялық мұрасын зерттеу мәселелерін талқылады.

Ахмет Сажит Ачыкгөзоғлү, Мимар Синан өнер университетінің ректоры, профессор:

- Ең маңыздысы түркі халықтары, соның ішінде бауырлас қазақ халқымен тарихи байланыстың одан әрі нығаюы. Әсіресе студенттер, оқытушылар және ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуы көбейе түскен сайын бұл бағыттағы қатынас, археологиялық зерттеулер жаңа кезеңге өтеді деп сенемін.

«Дәуірлер үні: Айман Досымбаеваның Жайсан және Мерке археологиялық мұрасы». Конференция аясында дәл осындай атаумен ғылыми көрме ашылды. Экспозицияда ғалымның сан жылдық далалық ізденістері мен ғылыми тұжырымдары көрініс тапқан. Ежелгі және ортағасырлық кезеңдегі түркі тайпаларының мәдениеті мен қалалық өмірі көпшілік назарына ұсынылды. Мұнан бөлек, ғалымның «Жайсан Шу өзені түріктерінің киелі жері» атты туындысы түрік тілінде көрерменге жол тартты. 

Нұрболат Бөгенбай, Түркі академиясының сарапшысы, археолог:

- Бұл кітапта негізінен Батыс Түрік қағанатының ғылыми мұрасы, оның ішінде тас мүсіндер, петроглифтер, ғұрыптық қоршаулар, сонымен қатар Қазақ хандығына дейінгі дәуірдегі ескерткіштер туралы топтастырылған. Бұл – енді тек қазақ халқына емес, бүкіл түркі әлеміне үлкен сыйлық, үлкен бір ғылыми мұра деп ойлаймын.

Ғалым мұрасына арналған мазмұнды көрме Түркияда бір апта жалғасады. Ұйымдастырушылар экспозицияны Бодрум қаласындағы ғылыми қауымдастыққа таныстыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков