Балабақша бағасы қолжетімді ме?
Биыл елдегі мектепке дейінгі мекемелер қызметінің орташа бағасы айына 30 мың теңгені құрады. Бұл санатқа балабақшалар, үйірмелер, секциялар мен түзету орталықтары кіреді. Жыл басынан бері баға қаншалықты өсті?
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, мектепке дейінгі мекемелердің ең қымбат қызметі Алматы қаласында тіркелген – айына 38 200 тг. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 27 пайызға жоғары.
Екінші және үшінші орындарда сәйкесінше, Астана мен Қостанай қалалары тұр – 36 мың тг. Бұл – елдегі орташа көрсеткіштен 20 пайызға жоғары. Ең төменгі баға Түркістанда – айына небәрі 12 700 тг. Алматымен салыстырғанда шамамен 67 пайызға арзан.
Гүлнар Бектұрғанова, №1 «Бәйтерек» балабақшасының меңгерушісі:
- Астана қаласында балабақша ақысы 20 800. Ол ақша қай жерге пайдаланылады? Ата-аналар бүгінгі күні тамақтың ғана ақшасын төлейді. Біз тамақты сатып аларда мемлекеттік сатып алу арқылы аламыз. Жоспар құрып, жыл бойы сол бағамен алып отырамыз. 5 жыл болды, бағамыз өзгерген жоқ. 2021 жылдан бастап 20 800 тг болып қалып тұр.
Бұл – мемлекеттік балабақшалардың бағасы. Ал жекеменшік мекемелердің қызметі анағұрлым қымбат екені белгілі. Мәселен, елорда орталығында толық кестемен жұмыс істейтін орталықтардың бағасы айына 70 мың теңгеден басталады. Жалпы қаңтар мен ақпан айларының қорытындысы бойынша саладағы баға 10 пайызға өскен.
Елдің 7 қаласында бұл сектордағы баға өсімі орташа көрсеткіштен төмен. Мәселен, Қарағандыда балабақша қызметінің құны 0,5 пайызға арзандаған. «Қалған қалаларда баға жалпы инфляция деңгейінен әлдеқайда жылдам өсіп жатыр», - дейді сарапшылар.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер біраз жерде баға өсімі байқалса, тәрбиешілер мен күтушілерге сұраныс артса, олардың жалақыға деген талабы өссе, әрине балабақша қызметінің де тиісінше қымбаттайтыны түсінікті. Мемлекет балабақшаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы қолдайды. Алайда бұл қаржыландыру инфляция деңгейіне сәйкес келмей отыр.
«Осыған байланысты құзырлы органдар инфляцияның өсуіне қарай қаржыландыру көлемін де ұлғайту мәселесін қарастыруы қажет», - дейді депутат.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Дмитрий Николаев