Ыстамбұлда су тасқынынан екі адам көз жұмды. LIVE
Ыстамбұлда толассыз нөсер соңы тасқынға ұласты.
Теңіз суы жағалауға дейін көтеріліп, құрлыққа жайылған. Салдарынан шаһардың бірнеше ауданында көшелерді су басып, көліктер ағын судың ортасында қалды. Табиғи апат салдарынан қаза тапқандар бар. Қазір Ыстамбұлда ахуал қалай? Білуімізше, мұндай жағдай биыл алғаш рет қайталанып тұрған жоқ. Солай ма?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Иә, Ыстамбұлда нөсер жауыннан кейін су басуы биыл алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Өткен шілде айында да қатты жауыннан кейін қала көшелері мен жерасты өткелдерін су басқан. Алайда бұл табиғи апаттың салдары ауыр болды. 1200-ден астам су басу оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапты. Көшелер мен жерасты өткелдерін су басып, кейбір көліктерді ағын су ағызып әкеткен. Құтқарушылар суға толған жолдарда қалып қойған адамдарды арнайы техникамен қауіпсіз жерге шығарды.
Ыстамбұл губернаторлығының ресми мәліметінше, кеше таңғы сағат 06:00-ден кешкі 08:00-ге дейін төтенше жағдайлар қызметі мен 112 жедел желісіне 2518 хабарлама келіп түскен. Оның басым бөлігі су басу мен адамдардың қауіпті жағдайда қалып қоюына қатысты қоңыраулар. Сондай-ақ 808 тұрғын үй мен 280 кәсіпкерлік нысанды су басқаны жөнінде хабар түскен.
Жауын-шашынның ең көп мөлшері Бейкөз ауданының Өмерлі аумағында тіркелді. Губернаторлықтың дерегіне сәйкес, бір шаршы метрге 200 келідей жауын-шашын түскен. Ал кей деректерде Бейкөз ауданындағы көрсеткіш 242 келіге дейін жеткені хабарланды.
Ресми дерекке қарағанда, Фатих ауданындағы Балат шағын ауданында 14 жастағы жеткіншекті электр тогы соққан. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады. Сондай-ақ Сарыер ауданында су басқан көшеде құлап, ауыр жарақат алған 34 жастағы ер адам көз жұмды.
Қазір апат салдарын жоюға 8 мыңға жуық маман, 2 мың көлік пен арнайы техника жұмылдырылды. Нөсерге байланысты бүгін қаладағы мектептер де жұмысын уақытша тоқтатты. Мотоциклдер мен басқа да қос доңғалақты көліктердің қозғалысына уақытша тыйым салынды. Қазір аймақта құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ыстамбұлдағы жағдайды біз сәт сайын бақылап отырмыз. Шұғыл ақпарат болса, біз хабарлаймыз.