Қазақстанда балаларды қорғаудың бірыңғай жүйесі енгізілді

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен жәбірлеу жағдайларына жедел әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық регламенті бекітілді, деп хабарлайды«24kz» 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды іске асыру аясында қабылданған. Енді полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері және қорғаншылық органдарының міндеттері нақты бөлініп, әрбір сигнал бойынша бірыңғай іс-қимыл алгоритмі іске қосылады.

Жүйедегі басты жаңалық — кейс-менеджерлер институтының енгізілуі. Әрбір жағдай бойынша жеке маман бекітіліп, ол барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп, баланың құқығы толық қалпына келгенге дейін сүйемелдеу жүргізеді.

Сонымен қатар әрекет ету мерзімдері де нақты белгіленді: ақпарат бірден тиісті органдарға жолданады, 1 сағат ішінде деректер өңделеді, 1 жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалады, ал 3 күн ішінде материалдар комиссияға беріледі.

Бұдан бөлек, енді көмек тек зорлық-зомбылық көрген балаларға ғана емес, соған куә болған балаларға да көрсетіледі. Оларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық қолдаудың толық пакеті ұсынылады.

Жаңа жүйе балалардың құқығын қорғауда ведомстволар арасындағы үйлесімділікті күшейтіп, жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға бағытталған.