Елде балалар денсаулығын қадағалау күшейді

Елде бірінші жартыжылдықта 3 млн 6 мың бала профилактикалық медициналық тексеруден өтті. Мектеп жасындағы 302 мың баладан түрлі ауру анықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Арасында қан аздық, көру қабілетінің бұзылуы жиі кездеседі. 80 мыңнан аса балада тіс жегісі бар. Қазір құзырлы министрлік мектеп жасындағы балалар арасында ауру-сырқаудың алдын алу шараларын күшейтті.

Тісжегінің көбеюі қантты шамадан тыс тұтынудың салдары. Сколиоз дене бітімін дұрыс ұстамаудан туындайды. Бұл – мектеп жасындағы балалар денсаулығына төніп тұрған заманауи қауіп-қатерлер. Күнделікті тамақтану әдебі, дене белсенділігі, ұйқы, психологиялық саулық – барлығының жас ағзаға әсері зор. Мамандар профилактиканы күшейтті.

Мереке Кенжедәулет, ҚР ДСМ «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК дәрігері:

– Көбінде осы көру жүйесінің бұзылыстары, тісжегі кариес дейміз ғой, сол ауру өте көп анықталып жатыр. Және де тірек-қимыл жүйелері: жалпақ табандылық немесе омыртқаның қисаюы, кеуде қуысының деформациясы – осы аурулардың барлығы бізде анықталып жатады. Сол бойынша әрі қарай балаларға денсаулық топтары: 1, 2, 3, 4 денсаулық топтары бойынша бөлінеді. Сосын егер де 3-ші денсаулық тобы белгіленсе, балада ол кезінде ол бала динамикалық бақылауда алынып отырады.

Тұрақты медициналық тексерудің маңызы зор. Кез келген ауытқуды ерте анықтауға мүмкіндік береді. «Бала денсаулығы үшін емхана, мектеп, ата-ана – осы үш тарап бірлесе атсалысуы қажет», – дейді дәрігерлер.

Мереке Кенжедәулет, ҚР ДСМ «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК дәрігері:

– Профилактикалық тексерулерге біз хабарландыру береміз. Бізде инвазивті терапия болғандықтан, ата-аналардан рұқсат қағазы алынады. Сол рұқсат қағаздардың барлығына ата-аналар келісіп, өйткені көп жағдайда қарсы көрсеткіш беретін, қарсы болатын ата-аналар болады. Сондай ата-аналарға біздің айтатынымыз, бұл – мүмкіндік. Мамандар мектепке барамыз, сол жерде өткіземіз. Баладан егер анықталып жатса да, болжамды диагноз, ол қорытынды диагноз емес. Сондықтан да түсіністік танытып, керісінше қолдау беру керек сияқты, өйткені бүгінгі бала – ертеңгі болашағымыз.

Профилактикалық қарау кезінде анықталған болжамды диагноз туралы ата-анаға хабарланады. Одан әрі бала денсаулығын учаскелік педиатр бақылап, қажетті диагностика, ем-дом жүргізеді. Сонымен қатар оқушылардың тамақтану рационы қайта қаралды. Басты өзгеріс – мектептегі ас мәзірінен тәтті сусындарды, спредті, қақталған ет, шұжық өнімдерін алып тастау болды. Жаңа тамақтану стандарты былтыр елдегі 43 мектепте енгізіліп, сынақтан өтті.

Дамира Нұран, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының бас сарапшысы:

– Бұған дейінгі тамақтану жүйесі бойынша бірінші ауысымда оқитын балаларға ботқалар, екінші ауысымда оқитын балаларға түскі ас берілетін. Тамақтану стандартына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді бір рет ыстық тамақ қарастырылған. Ол толыққанды тамақтануды қамтиды. Санитариялық қызмет органдары жаңа стандарттардың сақталуын бақылайды. Екінші жартыжылдықта 7 400-ден астам мектепте тексеру жүргізу жоспарланған.

Мамандар ас мәзірін өзгерткенімен, бастапқыда балалар оған аса құмартпады. Былтырғы оқу жылының басында орта есеппен әр оқушы алдындағы тәрелкедегі астың 30 пайызын тауыспаған. Бұны байқаған жауаптылар асты әзірлеу технологиясын жетілдірді. Нәтижесінде оқу жылының соңына қарай балалар жаңа мәзірге үйреніп, сүйсіне тамақтанатын болды.

Қазір балаларға тауық және сиыр еті, асбұршақ, арпа, қарақұмық әзірленеді. Әр жұма сайын ұлттық тағам – ет асылады.

Күнсұлу Тұрдыбекова, аспаз:

– Бүгін – минтай филесінен жасалған балықтың котлеті. Балалар картоп езбесін жақсы жейді. Дәрумен салаттары бар. Алма витаминінен беріліп тұрады. Какао, кепкен жеміс-жидектен компот ішеді. Таза сүт береміз.

Зәмзәгүл Құлмағанбетова, №75 мектеп-гимназиясының директоры:

– Балаларға әсіресе ұнап жатқаны жұма күнгі ұлттық тағам жақсы ұнайды. Жақсы желінеді. Жаңа тамақтану мәзірінде балалардың тектен тыс тұзды, қантты тағамды пайдаланбау. Сүт, балық өнімдері, ет тағамдарын баланың ағзасына қажетті мөлшерде болуы қарастырылған.

Келер жылдан бастап ата-аналар балалардың медициналық тексерулері туралы алдын ала SMS-хабарлама алып отырады. Бұл профилактика шарасын уақтылы өткізу үшін қолайлы болмақ. Мамандар алдағы уақытта оқушылардың аурушаңдық деңгейінің, семіздік пен қант диабеті көрсеткіштерінің төмендеуін болжап отыр.

Авторы: Рухани Әбдірахман

Сондай-ақ оқыңыз: