Қостанайда оқушылар «Алпамыс батыр» жырын айтып жарысты

Қостанайда «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы аясында «Алпамыс батыр жыры» байқауы өтті.

Оған аудандық, қалалық кезеңдерден іріктеліп шыққан 44 оқушы қатысты. Қомақты жүлде қоры тігілген жыр оқу жарысы тартысты өтті. Байқау барысында балалардың орындаушылық қабылеті ғана емес, оқиға желісін қаншалықты түйсініп, түсінгені сараланды.

Балалардың барынша дайындалғаны байқалады. 98 беттен тұратын Алпамыс батыр жырын бастан-аяқ жаттап алғандар да бар.          

Даяна Ертанова, байқауға қатысушы:

- Мен өзімнің бір әдісім бар. Сол арқылы жаттаймын. Бір бетті бөліп, солай жаттау мені үшін ыңғайлы болады.

Бірақ бұл жерде жырды жатқа айту шеберлігі ғана емес, мәтінде кездесетін жер-су атаулары тарихын, көне сөздер мағынасын қаншалықты білетіндігі де сыналды. 

Манапбек Кәдіров, қазылар алқасының төрағасы:

- Балаларға арасында сұрақ қойып жатырмыз, мұрындық деген не, күрзі деген не? Бұл бір жағынан, біздің қазақ тіліміздің бай екендігін, балалар әрине таланатты, соны жастайынан сіңіру керек қой бойына.Ал екіншіден бұл кәдімгі рухты көтеретін, патриоттық дүние.  

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өз сөзінде батырлар жырын жаттаудың астарында бабалар аманатына адалдық, жас ұрпақтың рухани иммунитетін дамыту түсінігі жатқанын атап өтті. Елімізде   білімді, ойлы қоғам қалыптастыру ұлттық идеяға анлғаны рас.

Бақытжан Нарымбетов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:

- Күн кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделеу ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бұл ұлттың интелектуалдық әлеуетін арттыруға, қоғамның мәдени деңгейін көтеруге бағытталған тарихи құжат.

Байқау қорытындысында алғашқы жүлделі үш орын иегерлеріне жалпы сомасы 3,5 миллион теңге болатын ақшалай сертификат берілді. Ал гран-при жеңімпазы Ұлдана Жүрсінбаеваға шетелдегі халықаралық тілдік лагерьге жолдама, оның жетекшісіне автокөлік табыс етілді.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров